Отандық интернет-дүкендердің басты артықшылығы неде
«Негізі, өзіміздің интернет-дүкендеріміз шетелдің онлайн сауда желілерімен бәсекеге түсе алады. Өйткені біздің бірнеше артықшылығымыз бар. Мәселен, шетелдің интернет-дүкені арқылы тапсырыс бергенде тауар, кем дегенде, 10-15 күннің ішінде жеткізіледі. Қазақстанда ондай тауарларды курьерлік компания бір-екі күнде, ал пошта екі-алты күннің ішінде жеткізіп береді. Ол - бір. Екіншіден, шетелден сатып алынған тауарды ұстауға, я болмаса, киіп көруге мүмкіндік жоқ. Ақшасын жібересіз, бірақ ол зат сізге келе ме, жоқ па, ешкім кепілдік бере алмайды. Ал Қазақстанда тапсырыспен алған затты поштада ашып көруге болады. Ұнаса аласыз, ұнамаса, қайтарып бересіз», - дейді А.Алшанбаев.
Оның айтуынша, отандық интернет-дүкендердің тағы бір артықшылығы - төлем жүйесі. Шетелден тауар алдыртқанда ақшаны бірден төлеу керек. Ал Қазақстанда тауар келгеннен кейін де төлеуге болады.
«Бүгінде әлем бойынша электронды сауда-саттық қызып тұр. Мәселен, өткен жылы тек Қазпошта арқылы ғана 17 млн сәлемдемелер жеткізілді. Соның 60 проценті өзіміздің интернет-дүкендерімізге тиесілі. Қалғаны - шетелден келген тауарлар. «Қазақстандықтар интернет арқылы, көбінесе, телефон тысқаптарын, сағат, сан алуан әшекей заттарын сатып алады. Себебі ондай тауарларды ұстап көрудің қажеті жоқ. Бұдан бөлек, қымбат гаджеттерді де алып жатады», - деп атап көрсетті А.Алшанбаев.
Айта кетейік, бүгін «Қазпошта» АҚ-ның Астанадағы «E-Commerce» орталығында цифрлық технологияларға арналған семинарлар басталды. Бүгінгі шара электронды сауда жүргізу мәселесіне арналды.