Отандық кәсіпорындардың тапсырысымен қосымша 10 мың маман даярланады
«Біздің министрлік жергілікті әкімдіктермен бірлесіп кәсіпорындардың тапсырысы бойынша кадрларды мақсатты даярлауды бастады. Ол үшін кәсіпорын колледжбен мақсатты маман даярлау туралы шарт жасасады. Бұл жерде кәсіпорын практикадан, тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру және түлектерді одан әрі жұмысқа орналастыру бойынша міндеттемені өз мойнына алады. Сонымен қатар, білім беру бағдарламасы жұмыс берушінің талабына сай жаңартылып, дуальды оқыту ұйымдастырылады», - деді Шолпан Каринова ОКҚ-де өткен брифингіде.
Министр орынбасарының мәлімдеуінше, бұл колледж түлектерінің жұмыспен қамтылуына ықпал етеді.
«Нәтижесінде түлектер кәсіпорындарда 100% жұмысқа орналасу мүмкүндігіне ие болады. Осы оқу жылында кәсіпорындардың тапсырысы бойынша 10 мың студент қабылданса, келесі оқу жылында қосымша 10 мың түлекті қабылдау жоспарланып отыр», - дейді ол.
Бұған дейін Шолпан Каринова колледж түлектеріне дипломмен қосымша маман ретіндегі біліктілігі деңгейін анықтайтын карта берілетіні туралы айтқан еді.