13:09, 14 Қаңтар 2015 | GMT +5
Отандық көлiк өнеркәсiбiнiң iшкi сатылымы 60 пайызға төмендедi - А.Мырзахметов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Отандық көлiк өнеркәсiбiнiң iшкi сатылымы 60 пайызға төмендедi. Бұл туралы бүгiн брифингте Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәлiм еттi.
"Рубльдiң құлдырауы салдарынан бiздiң тауар өндiрушiлер бәсекелестiк ортада тең жағдайлардан қағылды. Әсiресе, шекара маңындағы аймақтар. Бiз оны айтуымыз керек. Мұнда қандай шаралар қолданамыз?! Ең негiзгi және сезiмтал салаларды квоталауымыз шарт. Көлiк саласы бойынша бұл ең бiрiншi кезекте. Ресейден көлiктiң мыңдаған саны әкелiндi", - дейдi А.Мырзахметов.
Оның айтуынша, отандық көлiк саласының ендi аяқ басып келе жатқан тұсында бұндай соққы ауыр тиедi.
"Қауымдастықтың хабарлауынша, iшкi сатылым 60 пайызға төмендедi. Бiздiң көлiк өндiрiсiмiз аяғынан ендi тұрып келе жатыр, сондықтан бұған мән бергенiмiз жөн. Бiз шекара маңындағы 500-ге жуық кәсiпорыннан сауалнама алып тұрамыз және апта сайын Үкiметке жолдаудамыз", - дедi ол.