Отандық қолөнер шеберлері қазақтың бұрынғы жеке гигиена құралдарын жасап шығарды
«Кейбіреулер көшпенділерді тазалықты сақтамаған, нас xалық деп айтады. Ал, енді, мына бір жүзікті қараңызшы. Ол шағын сандық сияқты. Соның ішінде тіс шұқылауға, құлақ пен тырнақ тазаулауға арналған құралдар сақталған. Қазақтың қыздары осыны сырға ретінде, я болмаса, беліне тағып жүретін. Ондай жүзіктер әйелдерде ғана емес, ер адамдарда да болған», - дейді Қазақстанның қолөнер шеберлері одағының төрайымы Айжан Бекқұлова.
Бұдан бөлек, отандық қолөнер шеберлері қазақта болған емізіктің нұсқасын жасап шығарды. А.Бекқұлованың айтуынша, бұрын оның ішіне қой құйрығының майын салып қоятын. Бала емізікті сорған кезде май еріп, түтіктер арқылы шығатын.
«Ал ұлттық киім үлгілеріне келер болсақ, біз қазақтың бұрынғы белдемшесін қайта шығардық. Оны тұрмысқа шыққан келіншектер киетін. Белдемшені көйлектің үстіне киеді. Ол бүйрек пен белді суықтан қорғайды. Меніңше, қазақтың әйелдері осыны киюі тиіс», - деп атап көрсетті А.Бекқұлова.
Алдағы демалыс күндері, 17-18 желтоқсанда Астанадағы «Керуен» сауда орталығында «Шебер-Керуен» фестивалі өтеді. Соның аясында еліміздің үздік қолөнер шеберлері жасаған бұйымдардың жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, «Шебер - 2016» атты республикалық байқаудың жеңімпаздары марапатталып, сән дизайнерлерінің киім көрсетілімі, тегін шеберлік сағаттар және тағы басқа мәдени шаралар өтеді.