Отандық мультфильмнің айтары неге жоқ - Өңірлік баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? Әдеттегідей назарларыңызға «ҚазАқпарат» ХАА еліміздің аймақтарындағы өңірлік баспасөзге шолу ұсынады.
None
None

*   *   *

Асабаның алатыны көп, айтатыны аз - Дидар газеті



Қазақтың кешегі тойы мен бүгінгі тойының арасы жер мен көктей екені рас. Дарақылықтан бастап, ысырапқа дейін қазақтың тойынан көрінбей қоймасы анық. Сондықтан да қазіргі баспасөз үшін «қазақтың тойы» өзекті тақырып. Өткен жолы ғана тойдағы қыдыруға тікұшақпен шыққан жас жұбайлар баспасөз арқылы біраз сөз естіді. Есесіне Атырау өңірінде қарттар үйінде той жасап, қариялардың батасына қарық болған және бір жас шаңырақ иелері туралы да баспасөз жарыса жазды.  Ал Шығыс Қазақстан облысында шығатын «Дидар» газеті «рухани жаңғырудың көкесі ұлттың тойында жатыр» дегенді алға тартады. Бұл ретте мақала авторы қазіргі ұрпақ салт-дәстүр тәрбиесін тойдан алып жатқанын айта келе, ондағы асабаның рөліне ерекше тоқталып өтеді. «Өзге өңірді қайдам, Өскемен маңында екі сөздің басын қоса алатын екінің бірі асаба. «Көрген көргенін, көсеу түрткенін істейді» демекші, интернеттегі иесіз сөздерді жаттаған әлгілер «тойды басқарып» береді. Бағалары удай. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Белгілі біреуді де күстаналайық деп отырған ойымыз жоқ. Бірақ өмірдегі бір қуанышына бар жиғанын шашып той жасаған соң, есі дұрыс асаба тапқанға не жетсін» деп жазады автор.

Сонымен қатар автор түрлі-түрлі асабаларға, олардың дарақы қылықтарына тоқталып, тіпті ұят жағдайлар да тойдың қалпына еніп бара жатқанына налиды. Автордың пайымынша, ел алдына шығатын асаба тілінің тазалығымен қатар қазақтың ғұрпына жүйрік болуы керек.  «Қорыта айтқанда, біз ешкімге той басқарма деп айта алмаймыз, өйткені той - халықтың қазынасы. Сол себепті ел алдында жүрген асабалар ұлт мүддесін ойсыратпай, өз абыройын да асыра берсін. Ал той жасайтын ағайын, санасына салт-дәстүрді сіңірген салихалы асабаларды іздесе екен» деп жазады «Дидар» газеті.

 

«Мың шейітте» кімдер шейіт болған? - Оңтүстік Қазақстан газеті

«Оңтүстік Қазақстан» газеті Төлеби ауданы Қасқасу ауылының маңындағы «Мың шейiт» деген әулиелi мекен туралы мақала жариялады. Авторы өлкетанушы Ерлан Сыдық. Оның жазуынша, мұнда бiр кездерi өлкемiзге ислам дiнiн таратуға келген сарбаздар жерленген. Аңыз бойынша Құрбан айт мерекесiн қарсы алу кезiнде әскербасымен бірге намаз оқып отырғанда өлтірілген сарбаздар жерленген. «Мың шейiтте» 6 мың адам жерленген деген дерек бар. Өздерiмен бiрге бес қаруы қылыш, найза, сауыт-саймандары қоса жерленген көрiнедi. Өкiнiштiсi сол, әулиелi орынға әлi күнге дейiн зерттеу жұмыстары жүргiзiлмеген. Ел арасында бұл оқиғаның көп айтыла бермейтiнi, айтылса да аңыз, әпсана ретiнде баяндалатыны содан» деп жазады автор. Мақала соңында өлкетанушы қалай болғанда да бұл нысанға ғылыми зерттеу жұмыстары жүргiзілуі тиістігін айтып, әулиелi орынға келушiлерге жағдай жасалуы тиістігін де сөз етеді. «Орайы келгенде айта кетейiк, бүгiнде зиярат етушiлердiң көбi Сайрам ауданындағы сансыз баптарға жолай «Жылақ атаға» соғып, Диханкөлдiң қымызынан дәм татып, осы «Мың шейiтке» келiп түнейтiн болған. Сондықтан, iшкi туризмдi дамытамыз десек, тасада елеусiз қалып қойған осындай қасиеттi орындардың талапқа сай болуына көңiл бөлуiмiз қажет. Бұған әрбiр азамат мүмкiндiгiнше өз үлесiн қосса, нұр үстiне нұр» деп түйіндейді автор.

Отандық мультфильмнің айтары неге жоқ? - Атырау газеті

«Jony! Jony! Yes papa!» Екі жастан асқан балалардың бәрінің аузында қазір осы ән жүр. Осы әнге жазылған «Yоutube» желісіндегі дыбыссыз видеолар бүгінде мультфильмдердің орнын алмастыра бастады». Отандық мультфильм мәселесін көтерген «Атырау» газетіндегі мақала осылай басталады. Автор бүгінгі балақайлардың қолынан түспейтін телефондағы, интернеттегі дүниелерге шолу жасап, олардың басым бөлігі балдырғандар санасын улап жатқанына налиды. Автордың айтуынша, балалар үшін қолжетімді болып тұрған ондайларда «өрмекші адамнан» бастап, су перісі сияқты түрлі персонаждар бейнеленеді. «Мұнда да өңкей «сақаулар» бірін-бірі ұрады, не тапаншамен атады, әйтеуір, мәнсіз қойылымдар музыка желісімен жалғаса береді» дей келе мақалада  бүлдіршіндердің тәрбиелік мәні бар мультфильмнен гөрі, есерсоқтық пен қатыгездікке баулитын видеоларға қарай аңсары ауып тұруының себебіне үңіледі.  Қазақстан телеарналары бүлдіршіндерге не ұсынып жүр деген сұраққа жауап іздеп, арналарға шолу жасаған екен. Қазіргі отандық мультфильмдер желісіне көз жүгірте отырып, «Алпамыс батырдың «Өрмекші адамнан» несі кем?» деген сұрақты көлденең тастайды.  Мақала соңында бірқатар мамандардың пікірлері де келтіріледі. Соның бірі: «Қазіргі кішкентай балалар «Маша мен аюды» қарайтын болды. Олардың орнын басатын кейіпкерді таппай отырмыз. Біздің Ер Төстігіміз, Исатай-Махамбетіміз қайда? Бүгінгі ұрпақ жырауларды, күй-термелерді қажетсінбейді. Демек, осы дүниелердің қажеттілік екенін дәлелдейтін технология табуымыз қажет» деген екен.

  

Мұқағали ауданы аталса - Жетісу газеті


Айта кетерлігі Алматы облыстық мәслихаты Райымбек ауданынан бөлу арқылы жаңа аудан құру жөнінде 2017 жылы 10 тамызда шешім қабылдаған. Осыған байланысты облыстың абыройлы ақсақалдары мен беделді тұлғаларының үндеу-хаты «Жетісу» газетінде жарияланды. Онда жазылғанындай, жақында Кеген ауылын­дағы аудан жұртшылығының өкілдері, облыстық, аудандық  мәслихаттардың депутаттары, тарихшы ғалымдар,  ел аза­мат­тары қатысқан жиында бөлінетін ауданның атын бел­гі­леу мәселесі талқыланған. Жаңа ауданды қазақтың көр­некті ақыны Мұқағали Мақа­таевтың есімімен байланыс­тырып Мұқағали ауданы деп атау жөнінде бірауыздан ұйға­рым жасалыпты. «Мұқағали - ұлтқа және ұр­паққа керек тұлға. Халықтың ұстазына айналған ағартушы. Ұлы ақынды ұлықтаудың мә­ні­сі мен маңызын осы тұр­ғыдан түсінгеніміз жөн. Ұлан-ғайыр дарынымен бір елдің аясынан асып, бүкіл­адам­заттық биікке көтерілген М.Мақа­таевты өмір сүрген заманы дер шағында бағалап үлгермеді. Поэзия көгінде көрінуді пешенесіне жаз­ға­нын анық ұғынған, өз еңбе­гінің қайтарымына  сенген хас талант қаламынан өшпес, өлмес өлең туды» делінген мақалада.

Мақалада жазылғанындай, жоңғар шапқын­шылығы кезеңінен қалған «Ке­ген» деген сөздің ұғымы ескір­ген. Оның келешек ұрпақ үшін ешқандай мәні қалмаған.

«Бұрынғы Кеген ауданы енді Мұқағали ауданы атанса, ақынға деген сүйіспеншілік екі өңірдің халқын бұрын­ғыдан да жақындастыра түсе­ді; ақын есімі жаңа ауданға тың күш береді; оны бүкіл Қазақстанға әйгілі етеді; ау­дан «Мұқағали еліне» айна­лады. Елімізден, алыс-жақын шетелдерден Мұқағали ауда­нын көргісі келетіндер көбе­йеді. Бұл ішкі және сыртқы туризмнің дамуына ықпал етеді. «Мұқағали ауданы» болған соң ақынның алдағы мерейтойлары өзі атындағы өңірде, Қарқара жайлауында өтеді. Қасиетті жайлаудың «Қарқара жәрмеңкесіне» қай­та айналу мүмкіндіктері кө­бейеді» делінген мақалада.

Соңғы жаңалықтар