Отандық өнімнің өрісін кеңейтпек

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Көркем дос». Осындай сауда белгісімен Шымкентте тұрмыстық тазартқыш заттары шығып жатыр, деп хабарлайды shymkenttv.kz. Кәсіпорынның негізі 2013 жылы қаланған. Құны 50 млн. теңгені құрайтын жоба былтыр жазда іске қосылды. Айналасы бір жылдың ішінде тұтынушыларға етене танылып үлгерген өндіріс іргесін де кеңейтіп алды. Кәсіпорын түрлі гигиеналық, санитарлық, химиялық заттардың 10-нан астам түрін өндіреді. Шикізаттың негізгі бөлігін тауар өндірушілер Ресейден тасымалдайды. «Кедендік Одақ құрылғалы бері бұл іс әлдеқайда жеңілдетілді»,- дейді серіктестік басшысы.
None
None

Әзірге шымкенттік химиялық заттар ел аумағына таралып жатыр. Бұйыртса, шетелге экспорттау да жоспардағы іс. Өнім сапасы жоғары. Бағасы да қалтаға қонымды. Серіктестік таяуда сұранысқа сай тағы екі цехты іске қосты. Оның бірінде мата және қағаз майлықтар өндірілсе, кейінгісінде - дайын өнімді құятын арнайы желім ыдыстарды құйып шығарады.

Кәсіпорын қуаты қарқынды. Айына 60 тонна химиялық тазартқыш заттар өндіреді. Отандық өндірісті өрге сүйреген компания басшылығы алдағы уақытта қанатын кеңге жаймақ. Ол үшін шағын цех жанынан алып ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта жұмыссыз жүрген көптеген азамат осы жерден екі қолға бір күрек табатыны сөзсіз. Мемлекет тарапынан да отандық өнім шығарушыларға қолдау көрсетілетінін ескерсек, бұл өндіріс орынының тасы өрге домалай бермек.

Соңғы жаңалықтар