Отандық тауарларды сатып алу - патриоттықтың бір белгісі

«Қазақстанда жасалған» деген сөзді нағыз сапаның синониміне айналдыруға шақырған Елбасы: «Тиісті меморандумдар бекіте отырып, қазақстандық қамту жөніндегі форумдар өткізу тәжірибесін қайта жаңғырту керек. Барлық сауда желілерінде отандық тауарлар секциясы пайда болу үшін «Қазақстанда жасалған» акциясын бастаймыз. Облыс әкімдері мұны қадағалап отыруы керек. Барша азаматтарға осы күрделі жағдайда патриот болып, қазақстандық өнімді сатып алу жөнінде сөз арнаймыз», - дей келе, - «Барлық қазақстандықтарды тартайық бұл акцияға: патриот болып, тек отандық тауарларды сатып алу керек. Бұл да болса ел экономикасына қолдау»,- деп жаңа бастаманы көтерген болатын.
Бүгінгі таңда соның арқасында Қазақстанда өндірілген тауарларға басымдық беру бағытындағы игі істердің күн өткен сайын өрісін кеңге жайып келе жатқанын анық аңғаруға болады.
Жақында ғана Елордамыз Астанада Мемлекет басышысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Индустрияландыру күнінің аясында дәстүрге айналған жалпыұлттық телекөпір өткен еді. Шара барысында Индустрияландыру картасы жобаларының тұсауы кесіліп, нысандардағы өндіріс іске қосылды. Сол кезде «Казлегпром-Алматы» ЖШС аяқ-киім өніміне риза болған Елбасы:
«Мен отандық жеңіл өнеркәсіпті қолдайтынымды үнемі айтып отырамын. Сіздердің фабрикаларыңызда болып қайттым. Жаңа өнім таныстырылатын болғандықтан, сіздер жасап шығарған костюмді киіп келдім. Аяқ-киімім де сіздердің жасаған өнімдеріңіз. Қазақстандықтардың барлығын отандық өнімдегі киімдерді сатып алуға шақырамын. Әрі қарай өсіп, дами береңіздер. Сіздердің өнімдеріңіз Италия мен Франция жасап жатқан киімдердің сапасынан кем емес», - деп олардың тауарларын мақтаған болатын.
Елімізде «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық іс-шаралардың басталғанына көп уақыт болмаса да, еліміздегі барлық дүкен сөрелерінде «Қазақстанда жасалған» тақтайшалары орнатылып, тұтынушының отандық өнімді іздеп жүріп, сатып алатын деңгейге жетті. Ал Елбасының өзі отандық кәсіпорындар мен дүкендерге барып, олардың тауарларын сатып алып, қазақстандықтарға үлгі көрсеткендігі бұл жобаның барлық БАҚ өкілдері жарыса жазып, халық арасында танымалдылыққа ие болуына септігін тигізді.
Осы жылы Елордадағы Орталық базар жанынан бой көтерген сәулеттік дәрежесі ең жоғарғы заман талаптарына сай әмбебап «Самғау» сауда орталығында «Халық маркасы» атты тұрақты сауда-көрме павильоны ашылуы да, жобаның қарқынды дамып, қолданысқа кеңінен еңгендігін дәлелдейді. Ауқымы 5 мың шаршы метр бұл орталықта күнделікті тұрмысқа керек-жарақтың барлығы бар. Атап айтқанда, тамақ өнімдері, үй жиһазы, киім-кешек, қолөнер бұйымдары. Тұтынушыға арадағы делдалсыз жететін бұл тауарлардың бағасы да тиімді. Жалпы, «Халық маркасының» басты мақсаты - халық сапасын ел мойындаған отандық тауарлардың танымалдығын арттырып, тұтынушыға қолжетімді бағамен ұсыну болатын.
«Алыстан арқалағанша, жақыннан дорбала» демекші, осы жоба арқасында отандық өнім өндірушілер саны көбейіп, өз қолымыз өз аузымызға жетіп, ел экономикасының есесі артса, нұр үстіне нұр болар еді.