«Отандық телеарналарды енді бүкіл ел көретін болды» - республикалық басылымдарға шолу

***
«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында «Отандық телеарналарды енді бүкіл ел көретін болды» деген тақырыппен ақжолтай жаңалық жариялады. Мақалада атап көрсетілгеніндей, кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев DVB-S2 стандартындағы Ұлттық спутниктік телерадио хабарларын тарату желісінің іске қосылу рәсіміне қатысып, оны салтанатты жағдайда іске қосты. Сөйтіп, енді отандық телеарналарды бүкіл ел көретін болды. Техникалық мәселелердің шешілмеуіне байланысты тек көрші елдің көгілдір экранына ғана көз тігіп келген мыңдаған отандастарымыздың ойындағысы орындалды. Спутниктік сандық теледидарды іске қосу - бұл ұлттық телерадио таралымын жаңа сандық технологияға көшірудің алғашқы кезеңі. «Осы инновациялық ауқымды жоба Елбасының тапсырмасы бойынша және Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылып отыр. Бұл жобаның басты мақсаты - еліміздің шалғайдағы елді мекендерін қоныстанған тұрғындардың ақпаратқа деген қолжетімдігін қамтамасыз ету»,- делінген мақалада.
«Қағазбастылықтан арылу жұмыс сапасын арттырады». «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында осындай тақырыппен жарық көрген мақалада кеше ғана Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың қатысуымен өткен Әділет министрлігінің 2010 жылдың қорытындыларына арналған алқа мәжілісінде көтерілген мәселелер баяндалған. Мақала авторының жазуынша, Әділет министрлігі өткен жылы Мемлекет басшысы алдыға қойған міндеттерге сай өз өкілеттігі аясында қомақты шаралар атқарған. Нақтырақ айтқанда құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің жұмысын жетілдіруге бағытталған 17 заң қабылдап, «Электронды нотариат жүйесін» енгізген. Сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып, жылжымайтын мүлікті тіркеу мерзімін 15-тен 5 күнге дейін қысқартқан.
***
«Айқын» басылымының бүгінгі санында «Жауапсыздыққа жол бергендерге аяушылық жоқ» деген тақырыппен мақала жарияланды. Онда Алматы облысы әкімінің аудан, қала әкімдері мен облыстағы су қоймалары және су шаруашылықтары, тағы басқа тиісті органдар басшыларымен өткізген шұғыл жиналысында көтерілген мәселелер баяндалады. Мақала авторының жазуынша, жиналыста бір ғана мәселе қаралған. Ол - көктемгі су тасқынының алдын алу және болдырмау. Жиын барысында облыс әкімі Серік Үмбетов Алматы облысы аумағындағы аса апатты жағдайда тұрған су шаруашылығы ғимараттары мен гидромелоративтік жүйелерінің жұмысын қалпына келтіру үшін 418 млн теңге бөлінгенін айтыпты. Сонымен бірге күні бүгінге дейін өңірдегі су қоймаларының басым бөлігі әлі иесіз, қараусыз күйде екендігі талқыланған. Олардың бірқатары бойынша коммуналдық меншікке қайтарып алуға байланысты сот істері жүріп жатқанымен, қараусыз қалған және жекеменшіктегі су қоймаларына қатысты мәселе әлі шешімін таппаған. Сондықтан жоғарыда айтылған қомақты қаражаттың өзін мақсатты пайдалану мүмкін болмай отырған сыңайлы. Осыған байланысты облыс басшысы иесіз қалған су қоймаларындағы суды ештеңеге қарамастан ағызып жіберуді тапсырған.
Сондай-ақ аталмыш басылымның хабарлауынша, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының (ААҰ) мәліметінше, әлемде азық-түлік өнімдері қымбаттап барады. Өткен жылдың соңында бұл тауарлардың көтерілу индексі соңғы 20 жыл ішіндегі ең жоғары деңгейге жетіпті. Ол тіпті азық-түлік дағдарысы туралы алғаш айтыла бастаған 2008 жылдың маусымындағы бағалар шегінен де асып түскен. Сөйтіп, көптеген тамақ өнімдерінің бағасы соңғы 6 айда қауіпті жоғары деңгейге дейін көтерілген. Оның үстіне болжап болмайтын ауа райының қолайсыздығы жағдайында бағалардың өсуі биылғы жылы да жалғасуы мүмкін. Бұл мәселе жөнінде білгіңіз келсе, «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Әлемда азық-түлік қымбаттап барады» деген мақалаға зер салыңыз.
***
«Алаш айнасы» газетінде бүгін «Арақтың әлегі азаяр емес» атты проблемалық мақала жарық көрді. «Алкогольдің өсер ұрпақ тигізер зияны орасан зор екендігі ертеде - ақ аян болған. Сондықтан Ежелгі Римде «30 жасқа дейінгі жас адамдарға алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салынады» деген заң шығарылған. Мұндай заң шығарудың негізі бар. Себебі сол уақыттың өзінде-ақ 30 жасқа дейін адамның дүниеге ұрпақ әкелу табиғи құбылысы белсенді болатынын білген. Сондай-ақ ерте кезде Ресей елінде де жаңадан шаңырақ көтерген жастарға арақ ішуге рұқсат етілмеген. Мұндай деректерді көптеп келтіруге болады. Ал француздар арақ ішкіш ата-аналардан туылған әлжуаз балаларды «жексенбі күнгі балалар» немесе «көңілді кештің баласы» деп кекесінді атаумен атаған көрінеді» дей келіп, Төтенше жағдайлар саласы мамандары жеке тұрғынүй секторында орын алатын өрттің 70 пайыздан артығына алкогольдің себепші екенін айтады. Жол полициясы қызметкерлері де ірі жол-көлік оқиғаларының көпшілігінде арақтың әлегі бар екенін жоққа шығармайды. Ал құқық қорғау органы мамандарының мәліметінше, ауыр және өте ауыр қылмыстардың 60 пайыздан артығы спиртті ішімдік ішкен адамдар тарапынан жасалады екен дейді», - делінген мақалада.
Сонымен қатар аталмыш басылымның бүгінгі санында «Елнамысынқорғайтынқазаққанша?» атты мақала жарияланды. Онда мақала авторы еліміздің спорт саласында орын алған түйткілді мәселелерге назар аударады. Автордың жазуынша, бүгінде елімізде қазағы көп спорт түрлері - бенди (допты хоккей) мен фристайл (акробатика). Пайызға шаққанда, осы екі спорт түрінде қазақтар басым. Қазағы жоқ спорт түрлері де жоқ емес. Конькимен жүгіруді қойыппыз, мүлде. Осыдан біраз уақыт бұрын «конькиді ойлап тапқан қазақтар екен» деген дақпырт шығып еді. «Ал біз өз жеріміздегі Азиадада жүгіретін бір қазақ конькишісін көре алмай, пұшайман болып отырмыз. Содан соң фристайлдың могул деп аталатын түрінде де қазақ атымен жоқ. Қызық, фристайлдың акробатикасын меңгереміз, ал могулды мүлде маңайламайтын сияқтымыз»,-дейді мақала авторы.
***
«Казахстанская правда» басылымында «План выполнен. Прогноз оптимистичен» атты мақала жарияланды. Онда Үкіметтің 2010 жылы атқарған жұмыстары мен болашақ міндеттеріне байланысты кешегі өткен отырыста талқыланған мәселелер баяндалады. «Негізгі міндеттер мен экономикалық басымдықтарды талапқа сай жүзеге асырған министрліктер мен ведомство өкілдері алдағы уақытта әсіресе бизнес-қоғамдастықтарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істемек. Сонымен қатар биыл Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында ішкі және сыртқы инвестицияларды экономиканың қайта өңдеу саласына бұрып, еліміздің инфрақұрылымын дамыту ісіне күш салынбақ. Сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы жалғасатын болады», - делінген мақалада.