«Отанына оралған» керқұлан Қостанай даласына қалай жерсініп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Осыдан 5 айға жуық уақыт бұрын керқұландар тарихи отанына оралып, Қостанай облысы даласына жіберілген болатын. Осы уақыттың ішінде жануарлар жергілікті жерге жерсініп қана қоймай, тіпті салмақ қосып та үлгерді, ауа райына да бейімделіп алды. Осы орайда Kazinform тілшісі жабайы жылқылардың қазақ жеріне жерсінуі, қысқы кезеңге көндігуі қалай боларын білуге тырысқан еді.

Айта кетерлігі, осы жылдың маусым айында Қазақстанға керқұланның 7 дарағы жеткізілген болатын. Сол уақыттан бері бірнеше айдың ішінде жануарлар Қостанай даласына бейімделіп үлгерді деуге де болады.
«Естеріңізде болса, алғашқы тобы Чехия мен Германиядан жеткізілген еді. Мұнда болған барлық уақыт ішінде аттар жақсы бейімделіп, келгеннен гөрі біршама қоңданып үлгерді. Олар қашаларда топ-топ (әкелінген кездегі құрамда) болып орналасқан. Жем-шөппен жақсы қамтамасыз етілген. Шөптен басқа, дәнді дақылдар мен бұталар да бар, жақын жерде тоған бар - өңірде Ұлы Жыланшық өзені ағып жатыр», - деді «Қостанай облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» РМК жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Рүстем Бидебаев.


Екі қаша (ауданы шамамен 54 және 24 гектар) жылқылардың жаңа үйіне айналды. Байқаушылар керқұландар далаға жақсы бейімделіп, өздерін толыққанды қожайын сезініп үлгергенін атап өтеді. Қаша жақсы қорғалған, жыртқыштар мен өзге жан-жануарлар оның ішіне кіре алмайды. Тіпті, қызметкерлер мен байқаушылардың өздері де қарауына алған аймақты кейде атпен емес жаяу шолғындап шығады. Мұндай қадам жабайы жануарлармен байланыс болмауы үшін жасалады. Ал қаша орналасқан аумақтың өзі «Алтын дала» резерваты мен Жангелдин ауданындағы Алтыбай (Ұлы Жыланшық) аң шаруашылығы арасында жатыр.
«Жануарларға үнемі бақылау жүргізіледі. Таңертең және кешкісін 1 сағат бойы қараушылар олардың жай-күйін, мінез-құлқын бағалап, күнделікті тыныс-тіршілігін қадағалайды. Олардың арасында халықаралық жобалардың студенттері (мысалы, Коста-Рикадан келген жас жігіт қазір сол жерде), болашақ мал дәрігерлері, түрлі сала мамандары бар. Барлық дерек әрбір дарақ үшін әзірленген арнайы электронды картаға жазылады. Онда олардың қоректенуге, жай жүруге қанша уақыт жұмсайтыны, қаншалықты есерленетіні және басқа да деректер тіркеліп отырады», - деп түсіндіреді Рүстам Бидебаев.



Электронды карта деректеріне қарағанда, керқұландар орташа есеппен уақыттың 57 пайызын жем-шөп жеуге жұмсаса, 30 пайызында бір орында қозғалмай тұруы мүмкін. Ал уақыттың 5 пайызында жүрсе, 5 пайызында демалады. Бірақ, бұл мәселеге келгенде әр жануардың күнделікті мінез-құлқы әртүрлі. Мәселен, бір дарақ жалпы уақыттың 70 пайызында жем-шөп жеуі мүмкін. Яғни, шектеулі дүние емес.
«Бізде 6 бие мен 1 айғыр бар. Тағы бір тобы жеткізілгеннен кейін (құландардың келесі тобын 2025 жылы жеткізу жоспарланып отыр) айғырларды биелерге қосамыз. Айта кетерлігі, айғырдың биеге шабуға тырысқаны бар», - деді ол.


Алдағы қыс мезгіліне келер болса, онда мамандар жылқылар қатал климатқа тез беімделе алатынын алға тартады. Жем-шөппен мәселесі туындамауы үшін қазірдің өзінде шамамен 60 тонна шөп дайындалған.
«Жануарлар қыстан шыға алмай қалады деп ойламаймын. Өйткені, олар суық температура мен қатал климатқа генетикалық тұрғыдан төзімді. Мысалы, біз құландарды қайтара жерсіндіру бағдарламасы бойынша құлдандарды әкеле бастаған кезде Қостанай облысының ауа райы жағдайына жануарлардың бейімделуі қиынға соғады-ау деп күмәнданған едік. Бірақ дарақтар еркін жайылымда жақсы қыстайды, төлдейді, түр толығымен жерсінді. Су тасқыны кезінде жауарларға байланысты қызықты жайт орын алғаны бар. GPS-трекер (жануарларды еркіндікке жібергеннен кейін де қарғыбаудың көмегімен бақылау жүргізіледі – автор ескертпесі) мәліметтеріне сәйкес, су тасқынынан бірнеше күн бұрын құландар барынша қауіпсіз жерге көшіп кетті және бірде-бір дарақ зардап шеккен жоқ», - деді Рүстем Бидебаев.
Жыртқыштар да қазіргі уақытта керқұландарға қауіп төндірмейді: мысалы, қасқырдың нысанға кіруі өте қиын және азық-түлік қоры да жеткілікті болғандықтан әзірге бірегей жануарларға шаппауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, физикалық деректерге сәйкес, керқұлан жыртқыштарға оп-оңай тойтарыс бере алады.
Карантин кезеңінен кейін (орташа алғанда қайтара жерсіндірудің мұндай жағдайында жануарлар бір жыл бақылауда болады) оларды еркіндікке жіберу жоспарланып отыр. Жылқыларға навигациясы бар арнайы қарғыбаулар тағылады. Оның арқасында олар үнемі бақылауда болады. Сонымен қатар, жергілікті қорық қызметтері, табиғатты қорғау полициясы және ұлттық парктердің қызметкерлері қауіпсіздікті қосымша қамтамасыз етеді.