Отаншыл әрі ұлтжанды жастар ғана елімізді өркендете алады - Қасым-Жомарт Тоқаев

«Сіздер нағыз дарынды адамдарсыздар. Сондықтан гранттарыңыз құтты болсын! Сіздерге өз жобаларыңызды іске асыруға жақсы мүмкіндік беріліп отыр. Қазақта «талаптыға жол бер» деген нақыл сөз бар. Мемлекет жастардың талабын ұштауға барынша жағдай жасап келе жатыр. Атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін сіздер көресіздер деп білемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚР Президенті жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастарға терең мағыналы үндеуін жолдағандығын еске салып өтті.
«Өскелең ұрпақ аға буынның үмітін ақтайтындығы сөзсіз. Сол үшін әрбір жас бойына тек жақсы қасиеттерді сіңіруі керек. Әрдайым білімге құштар, еңбекқор болу қажет. Жасампаз, отаншыл әрі ұлтжанды жастар ғана елімізді өркендете алады. Мен сіздерді болашақта кәсіби маман, өз ісінің нағыз майталманы болады деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс тілеймін», - деді Мемлекет басшысы.