Отаншылдық рухымен, туған елге деген мақтаныш сезімімен өрілген Декларация ең әуелі тәрбиелік мақсаттарға қызмет ететін болады - Қ. Мәми

АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жалпы отырысында ерекше маңызды тарихи құжат - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма жылдығы Декларациясы салтанатты түрде қабылданды.
None
None

Сенат Төрағасы Қайрат Мәми жетекшілік еткен жиынға ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, ҚР Мемлекеттік Хатшысы Қ. Саудабаев, ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Б. Бекназаров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қ. Тұрғанқұлов, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Б. Майлыбаев, ҚР Бас прокуроры А. Дауылбаев, ҚР ҰҚК төрағасы Н. Әбіқаев және ҚР Президентіне тікелей есеп беретін мемлекеттік орган басшылары, Үкімет мүшелері қатысқан болатын.

«Бүгінгі күннің ерекшелігі осыдан 20 жыл бұрын 1991 жылы 10-желтоқсанда біздің Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың бірінші инаугурациясы болған күн. Осындай тарихи күні Парламент тарихында екінші рет Тәуелсіздік декларациясын қабылдайық деп отырмыз. Біз жиырма жыл ішінде елімізде болған тарихи оқиғалардың куәсі ғана емес, тікелей қатысушылары да болғанымызды мақтаныш етуге тиіспіз. Жиырма жылдағы жетістіктерді айшықтайтын құжат - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тәуелсіздігінің 20 жылдығы декларациясын қабылдау идеясы осыған байланысты туған болатын», - деді Сенат Төрағасы Қ. Мәми.

Осы мақсатта спикердің өкімімен Парламент депутаттарынан, жауапты қызметкерлерінен құрылған топ 6 ай бойы арнайы жұмыс істеген. «Отаншылдық рухымен, туған елге деген мақтаныш сезімімен өрілген Декларация ең әуелі тәрбиелік мақсаттарға қызмет ететін болады. Замандастарымыз бен болашақ ұрпаққа арналған осынау салтанатты саяси-құқықтық құжатта Қазақстанның 20 жыл ішіндегі басты жетістіктері айшықталады. Осы бірегей құжатта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақ елі мемлекеттігін құру жолындағы баға жетпес рөлі атап көрсетілген. Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістіктері, Конституцияның мән-маңызы Декларация жобасының негізгі өзегі болып отыр», - деді Қайрат Мәми.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма жылдығы Декларациясы салтанатты түрде қабылданғаннан кейін Сенат Төрағасы Қайрат Мәми жиынға қатысушылар мен барша қазақстандықтарды құттықтады. «Өздеріңіз білесіздер, бірінші 1991 жылғы Декларация келешекті көздеген жоспар болды. Ал бүгінгі құжат мемлекеттік мерей Декларациясы болып табылады, өйткені онда тәуелсіздіктің алғашқы 20 жылы ішінде Қазақстанның қол жеткізген толайым табыстары айшықталды. Бұл құжатта Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бүгінде әлем мойындап отырған сарабдал саясатына, Елбасының осы сарабдал саясатының арқасында дүниеге келген дамудың «қазақстандық жолына» тарихи баға берілді. Декларацияны қабылдау арқылы Парламент те өзінің тарихи миссиясын жүзеге асырды. Бүгін қабылданған Декларация - Тәуелсіздік тарихының тараулары, бүгінгі ұрпақтың еншісі, келер ұрпақтардың мұрасы. Барлықтарыңызды тарихи құжаттың қабылдануымен тағыда құттықтаймын!», - деді Төраға Қайрат Мәми.

«Қазақстан Республикасының Парламенті, мемлекеттіліктің ойдағыдай орнығып, нығаюы жолында ел тәуелсіздігінің тарихи маңызын сезіне отырып, конституциялық құндылықтарға, республикамыздың Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халық игілігін көздеген сарабдал саясатына адалдық таныта отырып, Қазақ елі мемлекеттілігін құру мен оның негіздерін жетілдіру ісінде қазіргі және болашақ ұрпақтар алдында жауапкершілікті бөлісе отырып, Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырудың конституциялық міндетін негізге ала отырып Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Тәуелсіздігінің жиырма жылдығы Декларациясын салтанатты түрде қабылдайды» , - делінген Декларация кіріспесінде. Маңызды құқықтық құжатта ел тәуелсіздігінен бергі мемлекеттің қалыптасу кезеңі айшықталады. Онда «Халықаралық ынтымақтастықтың жалпыға ортақ қағидаттарына адалдық, жаппай қырып-жоятын қарудан бас тарту, ықпалдастық байланыстарды тереңдету қадамдары еліміздің әлемдік қоғамдастықта жоғары беделге ие болуына септігін тигізді. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы асыл арманы болып келген егемен Қазақстанды құру жөніндегі тарихи аманаты 1991 жылғы 1 желтоқсанда бірауыздан Мемлекет басшысы болып сайланған Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен іске асты. Республика Президентінің жетекшілігімен кең ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Қазақстан мемлекеттігінің негізін қалаушы - еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев халықты жарқын істерге жұмылдыру, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту, бүкіл халықаралық қоғамдастықтың ризашылығы мен құрметіне ие болған жаһандықжәне өңірлік бейбіт бастамалардың авторы ретінде елдің сыртқы саяси бағытын дәл айқындау ісіне орасан зор үлес қосты. Мемлекет басшысының жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз саяси және әлеуметті-экономикалық сілкіністерге ұшырамай, дербес дамудың өтпелі кезеңіндегі қиындықтар мен сынақтарды еңсеріп, ілгерілеу мен өркендеу жолына шықты», - делінеді.

Сонымен қатар, Декларацияда қоғамдағы отаншылдық идеологиясы барынша қолдау тауып отырғаны да айшықталады. «Қазақстан халқы Ассамблеясы елдің көп этносты халқының мүдделерін білдіретін бірегей институт ретінде танылып отыр, оның қызметі елімізді мекен еткен барлық этностарды азаматтық және рухани-мәдени тұтастық негізінде топтастыруға, қазақстандық жарасымдықты қалыптастыруға бағытталған. Республикада қазақтардың шетелдерден тарихи отанына оралу үшін жағдай жасалған. Тәуелсіздік кезеңі қазақ тілінің қайта түлеп, одан әрі дами түсуімен ерекшеленеді. Мемлекеттік тіл Қазақстан халқын ұйыстырудың аса маңызды факторы болып табылады. Мемлекет елімізді мекендейтін этностардың алуан түрлі мәдениеті мен тілдерінің сақталуына және дамуына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді», - делінеді Декларацияда.

Бұдан бөлек, құжатта Астана рөлі де ерекше аталып өтіледі. Қазақстанның жаңа бас қаласының орасан зор құрылысы - ауқымы мен батылдығы жағынан Республикамыздың Тұңғыш Президентінің теңдесі жоқ ғаламат жобасы. Жылдан жылға көркейіп, қарқынды дамып келе жатқан Астана Тәуелсіз Қазақстанның мақтанышы болып табылады, Еуразияның жүрегіндегі жаңа шаһар Қазақстанның жарқын да баянды болашағын айшықтайды. Астана - барша халқымызды Қазақстанның көк байрағы астына біріктіріп, оның өз бойындағы жасампаздық әлеуетіне деген сенімін арттыра түскен ұлттық идеяның жүзеге асуының нақты көрінісі» делінген маңызды тарихи құжатта.

Соңғы жаңалықтар