Отанымыздың бізді ұмытпағаны біз үшін маңызды - ардагерлер
Болашаққа бейбіт өмір сыйлап, Жеңісті жақындатқан ардагерлер «Жеңіс күні» деген ұғымның қаншалықты қастерлі екенін жас ұрпақ үшін тағы бір еске салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Полковник Григорий Михайлов - бұл күнде 91 жастағы ордагер. Ол майданға 15 жасында аттанған. 25 жыл әскер қатарында қызмет еткен. Оның 10 жылын Қытайда өткізген. Ерен ерлігі мен қызметі үшін түрлі орден, медальдармен наградталған.
«Біз, ардагерлер көпті көрдік. Біз бақыттымыз. Біз жауды жеңдік, Отанымызды қорғадық, тірі қалдық. Жеңіс күні біз майдан даласында қыршын кеткен, соғыстан кейін осы күнге жете алмаған 8 млн бауырымызды еске түсіреміз. Отанымыздың бізді осылай ескергені біз үшін маңызды», - деді ардагер Григорий Михайлов.
Отан соғысы ардагерлерінің бірі Леонид Гирш 17 жасында майданға өз еркімен аттанған. Соғыс алаңында бастан-аяқ болды, Берлинді алуға қатынасқан.
«Мен үшін Жеңіс күні қасиетті мереке. Адамдар мұны ұмытпаса, соғыс туралы естеліктер ұмытылмайды. Мен майдан даласынан тірі оралдым, қаншама бауырым соғыста қаза тауып, қаншасы соғыстан кейін де ұзақ өмір сүре алмады. Жеңіс күні мен үшін қаза тапқандар мен аман қалғандарды еске алатын күн. Қазақстанда ардагерлерге көп көңіл бөлініп келеді. Бірақ, 9 мамыр күнінен басқа уақытта да ұмытылмасақ дейміз», - деді ардагер Леонид Гирш.
Нацистік Германиямен соғыс майдан даласында ғана емес, тылда да жүріп жатты. Сондықтан, 9 мамыр Еңбек ардагерлері үшін де маңызды мереке.
«ҰОС қаһармандарын ұмытпай, олардың ерлігін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу маңызды. Ең бастысы денсаулық пен тыныштық болсын. Әлемде қуаныш орнап, бейбітшілік болсын. Біздің жағдаймызды жасап отырған Отанымызды, бір-бірілеріңізді сүйіңіздер», - дейді ҰОС ардагерінің жесірі, тыл еңбеккері Раиса Рахматуллина.
Соғыс басталғанда әкесі Шаймерденді майданға алып кеткен Күлпән Шаймерденова анасының 4 баламен қалып, балалық шақ дегенді білмей өскенін айтып берді.
10 жасынан еңбекке араласқан Күлпән Шаймерденова трактор айдауды үйреніп, ферма үшін отын тасып, ағаш жарған, әйелдермен бірдей еңбек еткен.
«Керосин болмады. Тұз, нан жоқ, орылған бидайдан қара нан пісіріп жейтін едік. Барлығы бір-бірімен санаспай күн демей, түн демей еңбек етті. Ашықсақ та, тоңсақ та майдан даласына қолымыздан келгенді жібердік. Барлығымыздың мақсатымыз жауды жеңу болды. 9 мамыр дегенде, мен сол сұрапыл күндерді еске түсіремін», - дейді Күлпән апай.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, бүгінгі таңда елімізде 2 776 ҰОС ардагері және мүгедегі бар, 157 679 еңбек ардагері, концлагердің сол кездегі кәмелетке жетпеген 487 тұтқыны тұрады. Алматы қаласында 670 бастауыш ардагерлер ұйымы жұмыс істейді.