Отау тігу алғаш бас құраған екі жасты дербес күн көруге баулиды

Отау тігу
Фото: el.kz

АСТАНА. KAZINFORMМәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орайkazinform агеніттігі назарларыңызға ұлтымыздың тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырындағы маңызды салт-дәстүрлерін ұсынады.

Отау тігу 

Қазақ салтында құда-құдағилар жыртысын əкеліп салған соң, ауқатты адам болса, қыз əкесінің үйінің артына қалыңдық пен күйеу жігітке арнап отау тігеді. Əрі «құдай жолы» деп бір мал атап сояды. Отау тігуге инабатты, беделді, балалы-шағалы аналар қатынасып, «кереге керер» деген кəде алады. Отауға уық шаншыларда шаңырақты жасы жер ортадан асқан, балалы-шағалы күйеудің біріне ырымдап көтертеді де, оған бардам адамдар «шаңырақ көтерерге» деп бір ат мінгізеді. Əдеттегі адамдар шама-шарықтарынша киіт, жол береді. Ал, отау тіккен кезде күйеу жігіт отауын тігушілерге «уық шаншар», «туырлық жабар», «түндік жабар», «үзік ұстар», «бау-шу байлар» деген сияқты кəделер береді.

Отау тігу алғаш бас құраған екі жасты дербес күн көруге баулиды. Отауды жақсы ұстап, ел-жұртқа үлгі-өнеге болудай жауапкершілік сезімін оятады. Дербес ой жүгіртіп, ерінбей еңбектеніп бай-бақытты отбасы құруға ынталандырады. Өзгелерге иек сүйеу, бой күйездік, жалқаулық əдеттерінен ертерек айығуға негіздейді. Еңбекшілдікке, іскерлікке баулиды.

Отауға кіргізу

Салт бойынша қалыңдық пен күйеу жігітке арнап тіккен отау-ға, ең алдымен, қалыңдықты кіргізеді. Қалыңдық отауға кірген бойда ас-тағам тұратын сол жақ босағаға барып, оң аяғымен жерді бір теуіп, далаға қайта шығады. Одан соң, күйеу жігіт кіріп, сол жақ бо сағаға барып, ол да жерді бір теуіп далаға шығады. Бұл олардың: «осы отаудың өмірлік иесі біз боламыз, босағамыз берік, төрт түлігіміз сай болсын» дегені. Одан соң, отау тіккен қауым отауға кіріп, «құдай жолына» арнап сойылған малдың етін жеп, тіс тигізбей мұжыған мойынды күйеу жігітке қыз жеңгелерінің біреуі əкеліп береді. Күйеу жігіт оны қолына алып жібек орамалмен орап, отырған жерінде қозғал май тұрып шаңырақтан далаға лақтырып жібереді. Бұл – күйеу жігіттің: «тү тініміз түзу шықсын, ел алдында бет-беделіміз жоғары болсын, болашақта үлгі-өнегелі, қадір-қасиетті отбасы болып, осы шаңырақтай адамгершілігіміз асқақ болсын» дегені.

Күйеу жігіт мойын орап шаңырақтан лақтырып шығарған жібек орамалды «мойын ұсынарым» деп күйеу жігітке мойын ұсынған əйел алады. Ал, күйеу жігіт ұсынған мойынды шаңырақтан лақтырып шығара алмаса, онда үлкен айып төлейді. Отауға кіргізу қыз бен күйеу жігітті болашақ отауды ел-жұрт алдында жақсы басқарып, ата-аналары мен көптің үмітін ақтауға құлшындырады. Отбасына жəне ерлі-зайыптылық қатынасқа жауапкерлік сезімін оятып, алғашқы адымда өздерін үй иесі, қожайын реті-де сезініп, отбасына деген сүйіспеншіліктерін арттырады. Болашақ отаудың шаруашылығын қалай шалқыту жөнінде алғашқы ой-қиялға жетелейді.

Материал Айып Нүсіпоқасұлының «Тал бесіктен жер бесікке дейін» атты кінабына негізделіп дайындалды.

Соңғы жаңалықтар
telegram