Отбасы баланың тұлға болып қалыптасуында қандай рөл атқарады
АСТАНА. KAZINFORM – «Алтын алқа» иегері, OrkenLink стартап жобасының және «Дарынды бала әлемі» баспасының негізін қалаушы Айнагүл Хамитова инклюзивті білім беру, отбасы құндылықтары және жас отбасыларды қолдау мәселелері жөнінде Kazinform тілшісіне сұхбат берді.
Спикердің айтуынша, қоғамда инклюзия ұғымы әлі де тек ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен шектеліп түсіндіріліп келеді. Алайда инклюзия әрбір баланың қабілетіне, әлеуметтік жағдайына немесе оқитын мектебіне қарамастан, сапалы білім мен даму мүмкіндіктеріне тең қол жеткізуі.
– Инклюзивті қоғамда бірде-бір бала жүйеден тыс қалмауы тиіс. Бүгінде біз дарынды балаларға арналған мектептер мен қарапайым жалпы білім беретін мектептер арасындағы айырмашылықты айқын көріп отырмыз. Бұл алшақтық білім сапасында, ресурстарда және даму мүмкіндіктерінде байқалады, – деді Айнагүл Хамитова.
Оның айтуынша, инклюзивті оқытуды енгізудегі негізгі қиындықтар ол педагогтердің арнайы даярлығының жеткіліксіздігі, сыныптағы оқушы санының көптігі, әр балаға жеке көңіл бөлуге уақыттың аздығы және мектеп инфрақұрылымының толық бейімделмеуі.

Осы ретте маман EdTech платформалардың әлеуетіне тоқталды.
– Қазіргі таңда отандық және шетелдік EdTech платформалар жеткілікті. Бұл ресурстардағы білім бәріне қолжетімді. Алайда біз оларды толыққанды пайдаланып отырған жоқпыз. Цифрлық платформалар арқылы оқушылардың оқу қарқынын, қызығушылығы мен әлсіз тұстарын дер кезінде анықтап, жеке оқу траекториясын құруға болады. Бұл мұғалімдердің жүктемесін азайтып, әр балаға дербес қолдау көрсетуге мүмкіндік береді, – деді спикер.
Айнагүл Хамитова қазіргі уақытта отандық EdTech стартап әзірлеп жатқанын айтып, көпбалалы ана ретінде балаларының қарапайым мемлекеттік мектептерде білім алатынын жеткізді. Оның пікірінше, инклюзияны тиімді іске асыру үшін кадрлық даярлық, цифрлық шешімдер, мектепішілік командалық жұмыс және мемлекеттік деңгейдегі жүйелі саясат қатар жүруі қажет.
Ата-аналар мен ұстаздар инклюзияны қалай қабылдайды?
Бұл сұраққа жауап берген спикер ата-аналар мен педагогтердің көзқарасы әркелкі екенін атап өтті.
– Бірі инклюзияны әр балаға тең мүмкіндік беретін әділетті әрі заманауи білім беру қағидасы ретінде қабылдайды. Ал енді бір бөлігі оны қосымша жүктеме немесе оқу сапасына кері әсер етуі мүмкін деген алаңдаушылықпен қарсы алады, – деді ол.
Айнагүл Хамитованың айтуынша, тәжірибе көрсеткендей, қарсылықтың негізгі себебі инклюзияның өзінде емес, оны іске асырудағы қолдаудың жеткіліксіздігінде. Мұғалімдерге нақты әдістемелік құралдар мен уақыт жетіспейді, ал ата-аналар баласының оқу үдерісінде қандай қолдау алып жатқанын толық көрмейді.

– Осыған байланысты жүйелі ақпараттандыру мен оқыту бағдарламаларын енгізу, мектептерде тьюторлар, психологтар мен арнайы педагогтердің қолжетімділігін арттыру маңызды. Сондай-ақ EdTech платформалар арқылы оқушылардың даму динамикасын ашық көрсетіп, ата-анамен кері байланысты күшейту қажет. Мұғалімдердің жүктемесі азайып, инклюзивті тәжірибеге уақыт пен ресурс бөлінген жағдайда ғана инклюзия шынайы қолдау ретінде қабылданады, – деді ол.
Бала тәрбиесінде отбасының орны қандай?
Айнагүл Хамитованың пікірінше, отбасы баланың тұлға болып қалыптасуындағы негізгі орта.
– Бала ең алдымен отбасында өмірлік құндылықтарды, қарым-қатынас мәдениетін және қоғамға деген көзқарасын қалыптастырады. Мұнда басты қағида – балаға сенім, қолдау және жауапкершілікті тең дәрежеде беру. Сондай-ақ қазақ ұлттық педагогикасында отбасының рөлі айрықша. Қазақ дәстүрінде бала қоғамның болашағы, ал ата-ана оның тәрбиесі мен білім алуына жауапты тұлға ретінде қарастырылады, – деді спикер.

Айнагүл Хамитованың айтуынша, қазіргі кезде жастардың отбасыға деген көзқарасы саналы түрде өзгеріп келе жатқанын айтты.
– Қазіргі жастар алдымен білім алуға, кәсіби дамуға және жеке өсуге басымдық береді. Алайда бұл отбасы құндылығы жойылды деген сөз емес. Ол тек жаңа мазмұнға ие болып отыр, – деді ол.
Мемлекет тарапынан жас отбасыларға қандай қолдау жеткіліксіз?
Спикердің айтуынша, тұрғын үй бағасының қымбаттауы, балабақша орындарының тапшылығы, ата-аналар мен балаларға арналған психологиялық және медициналық көмектің жеткіліксіздігі, сондай-ақ икемді жұмыс кестесінің болмауы – негізгі түйткілдер.
– Осы мәселелер кезең-кезеңімен шешілсе, бала тәрбиесінің сапасы да арта түседі. Дегенмен қандай жағдайда да ата-ана ретіндегі жауапкершілікті ұмытпау маңызды, – деп түйіндеді Айнагүл Хамитова.
Еске сала кетейік, Қазақстанда инклюзия саласында сарапшылар дайындайтын орталық ашылды.
Сонымен қатар Астаналық оқушылар инклюзияны дамытуға арналған жаңа робот құрастырып жатқанын жазғанбыз.