Отбасы банк 3000-нан астам жетім балаға баспана бөлді

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы екі жылда «жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санатына жататын 3189 қазақстандық Отбасы банктің қолдауымен тұрғын үй мәселесін шешті. Егер 2025 жылы 582 адам баспанамен қамтылса, 2026 жылы бұл көрсеткіш бес есеге жуық өсті. 

Отбасы банк 3000 нан астам жетім балаға баспана бөлді
Фото: Отбасы банк

Мемлекеттік қолдау шаралары аясында 2 274 адам жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, 740 тұрғын жылдық 2% мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотека арқылы жеке пәтерін сатып алды. Ал 175 азаматқа тұрғын үйді жалдау ақысының жартысын субсидиялау түрінде қолдау көрсетілді. Отбасы банк ұлттық даму институты ретінде баспана кезегін қысқартумен қатар, азаматтардың құқықтық кепілдіктерін де күшейтіп келеді.

Осы орайда банк Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға маңызды өзгерістер енгізді.

2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап бала асырап алу немесе қамқоршылық тоқтатылған жағдайда, азамат баспана кезегіне қойылған бастапқы күнін сақтап қалады. Сондай-ақ бөлінетін тұрғын үйдің жалпы көлемінің кемінде 20%-ы осы санатқа беріледі. Мысалы, әкімдік 100 жалдамалы пәтер бөлсе, оның 20-сы жетім балаларға тиесілі. Бұдан бөлек, жетім балалар баспана кезегіне туған сәтінен бастап қойыла алады. 18 жасқа дейін ата-анасынан айырылғандар үшін бұл құқық 29 жасқа дейін сақталады, ал әскерге шақырылғандар үшін бұл мерзім қызмет өткеру уақытына ұзартылады.

Қазір тұрғын үй бөлу үдерісі толық автоматтандырылған. Жүйе азаматтың есепке қойылған күнін, басым санатқа жататынын және табыс деңгейін ескереді. Адамның араласуынсыз жүзеге асатын бұл процесте деректерді тексеру үшін Отбасы банк 15 мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланған.

Отбасы банк 3000 нан астам жетім балаға баспана бөлді
Фото: Отбасы банк

Тұрғын үймен қамтамасыз ету тетігінің түп-тамырында «тұрғын үй қолжетімділігінің баспалдағы» қағидаты жатыр. Әркімнің қаржылық жағдайына қарай оған қолайлы қолдау түрі ұсынылады. Табысы төмен азаматтар жалдау ақысын субсидиялауға немесе жалдамалы тұрғын үй алуға өтініш бере алады. Ал табысы тұрғын үй қарызын төлеуге мүмкіндік беретін азаматтарға жеңілдетілген ипотекалық несиелер ұсынылады. Табысты растау процесі де автоматтандырылған. Отбасы банк Еңбек ресурстарын дамыту орталығымен бірлесіп арнайы цифрлық сервис әзірлеп, іске қосты. Жүйе азаматтың барлық табыс көздерін анықтап, оларды талдайды және отбасының әр мүшесіне шаққандағы жиынтық табысты автоматты түрде есептейді. Жалпақ тілге салсақ, азаматтарға қосымша анықтамалар жинаудың қажеті жоқ.

Кім қандай қолдауға үміткер бола алады?

Қолдау түрін анықтау кезінде ең төменгі күнкөріс деңгейіі ескеріледі. 2026 жылы оның мөлшері — 50851 теңге. Жалдау ақысын субсидиялау үшін отбасының әр мүшесіне шаққандағы соңғы алты айдағы орташа табыс бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 50851 теңгеден аспауы тиіс.

Жалдамалы тұрғын үй алу кезінде отбасы құрамына байланысты түрлі табыс шектері белгіленген. Үш және одан көп адамнан тұратын отбасылар үшін әрбір отбасы мүшесіне шаққандағы табыс екі ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек. Мәселен, үш адамнан тұратын отбасы үшін жиынтық табыстың шекті мөлшері 305106 теңгеге тең.

Отбасында екі адам болса, онда әрқайсысына ең төменгі күнкөріс деңгейі есептеледі. Мұндай жағдайда отбасының жиынтық табысы 355 956 теңгеден аспауы тиіс. Ал жалғыз тұратын азамат үшін шекті табыс мөлшері 279 680 теңге.

Жылдық 2% мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотека арқылы тұрғын үй сатып алу үшін соңғы алты айдағы отбасының әр мүшесіне шаққандағы орташа табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 254 255 теңгеден аспауы қажет.

Ал 5% мөлшерлемемен берілетін жеңілдетілген тұрғын үй заемдары бойынша табыс шегі бір адамға 305 106 теңгеден аспайды.

Осылайша, тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесі азаматтың әлеуметтік мәртебесін ғана емес, оның қаржылық мүмкіндігін де ескереді.

Автоматтандырылған бөлу жүйесі, арнайы квоталар мен жаңа заңнамалық кепілдіктер жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған азаматтарға көрсетілетін көмекті барынша атаулы, ашық әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді.