Отбасы банк Азия даму банкімен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елордада өткен жаһандық инвестициялар бойынша VII қазақстандық дөңгелек үстел отырысы (KGIR-2024) барысында «Отбасы банк» АҚ мен Азия даму банкі арасындағы елімізде инклюзивті және жасыл тұрғын үйлерді қаржыландыруды ілгерілету жобасы бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Отбасы банк Азия даму банкімен
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

«Бүгін Азия даму банкімен ортақ меморандумға қол қойылды. Бағдарлама 2025 жылдың екінші жартысында іске қосылады, қазір барлық шарт рәсімделіп жатыр. Азия даму банкі екі бағытты мақұлдап отыр, біріншісі - жасыл ипотека. Бізде Қазақстандық жасыл құрылыс кеңесімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан пилоттық жоба бар. Бұл коммерциялық бірлестік емес, қоғамдық бірлестік, олар біздің құрылыс компанияларымыз салып жатқан тұрғын үйлердің энергия тиімділігіне сертификаттау жүргізеді. Әрбір тұрғын үй кешеніне белгілі бір бағалау беріледі. Ол компаниялардың сертификаттау деңгейіне байланысты алтын, күміс және қола болып бөлінеді», - деді «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова елордада өткен жаһандық инвестициялар бойынша VII қазақстандық дөңгелек үстел барысында.

Банк төрағасының айтуынша, бүгінде елімізде «Жасыл ипотека» жоғары сұранысқа ие.

«Жылдық сыйақысы 12,5% (ЖТСМ 13,3% бастап 18,1% дейін) және 20% бастапқы жарнамен салымшылар энергияны үнемдейтін тұрғын үйді сатып ала алады. Ипотеканың бұл түрі үлкен сұранысқа ие. Биыл пилоттық түрде жобаны өз қаражатымызға бастадық, Азия даму банкі аталмыш бағдарламамен танысқан соң, бізді қолдап отыр. Осылайша, Қазақстандық жасыл құрылыс кеңесі және Құрылысшылар одағымен кеңесе келе энергияны тиімді пайдаланатын тұрғын үй туралы ойлануымыз керек деген қорытындыға келдік. Өйткені, коммуналдық қызмет тарифімен қатар баспана бағасы да өсе түседі. Сондықтан қазір салынып жатқан тұрғын үйдің энергияны үнемдеуі, жылу оқшаулау жүйесі деңгейінің жоғары болуы маңызды, әсіресе бұл мәселе еліміздің солтүстік өңірлеріне қатысты. Бұл тұрғыда Азия даму банкі бізге техникалық тұрғыдан қолдау көрсетеді», - дейді ол.

Одан бөлек, Азия даму банкі қолдап отырған Отбасы банкінің екінші жобасы гендерлік (инклюзивті) тұрғын үй ипотекасы.

«Өздеріңіз білетіндей, бізде «Ұмай» әйелдерге арналған ипотекасы бар. Өткен жылы Азия даму банкі бізге осы жоба үшін «гендерлік чемпион» мәртебесін берді. Экономикалық ілгерілеуде әйелдің өз баспанасы болуы көпшіліктің қызығушылығын арттырды. Осылайша, әйелдер ажырасқан жағдайда немесе тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған жағдайда өз атында үйі болса, далада қалмайды. Аналарды қорғау арқылы біз балаларды да қорғаймыз. «Ұмай» ипотекасы бойынша несие мөлшерлемесі базалық мөлшерлемеге байланысты, өйткені ақша Азия даму банкінің жергілікті нарығы арқылы тартылады. Біз кредит бойынша мөлшерлеме 12 пайыздан жоғары болмауы үшін базалық мөлшерлеменің төмендеуінен үміттенеміз», - деді Ләззат Ибрагимова.

Айта кетсек, қазақстандықтар екі бағыт бойынша бастапқы, қайталама, сондай-ақ салынып жатқан тұрғын үйлерді сатып алуға және жөндеуге заем ала алады деп жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар