«Отбасы банкті» екінші деңгейдегі банктер жүйесінде қалдырған дұрыс – Ләззат Ибрагимова

Отбасы банк
Фото: ҚазАқпарат

«Отбасы банк» төрағасы Ләззат Ибрагимова тұрғын үй жинақ банкін екінші деңгейлі жүйеден шығару шарасы неге кешеуілдеп жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021-2022 жылдары «Отбасы банк» екінші деңгейдегі банктер жүйесінен шығарылып, баспана нарығын дамыту институтына айналатыны айтылған болатын. Ол идеядан айнып қалдыңыздар ма?», - деп сұрады БАҚ өкілі Мәжілістегі отырыстан кейін.

Банк төрағасы ол жоба қазір Мәжілістің қарауында екенін айтады.

«Бұл заң жобасы (Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын өзгерту бағытында өзгертулер мен түзетулер енгізу туралы» - ред.) қазір Мәжілісте жатыр. Бірақ қазір оның актив көлемі және жеке капиталының көлемі бойынша елдегі төртінші банкке айналғанын ескерсек, шешімді жан-жақты таразылап барып қабылдаймыз. Банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің құзырында қалсын, дегенді жақтаушылар бар. Бұл банктің қызметін көбірек бақылауға мүмкіндік береді. Ондай бақылау керек те. Екінші тараптан банк халықтың әлеуметтік аз қамтылған санатына көбірек бағдар ұстаса деген ұсыныс бар. Ондай жағдайда бюджеттен көбірек ақша бөлініп, қызметінде еркіндік пайда болар еді. Борышкерлердің төлем қабілетін бағалау, кепіл қою саясаты соншалық қатаң болмаушы еді. Сондықтан бұл мәселе әлі талқылау сатысында», - деді банк басшысы.

Ләззат Ибрагимова тіпті «Отбасы банк» екінші деңгейдегі банктер жүйесінен шығарылған күннің өзінде салымшылардың депозиттеріне мемлекет кепілдік беретінін атап өтті.

«Банктің акционері «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі болса, «Бәйтеректің» акционері Үкімет. Сонда Үкіметтік деңгейдегі кепілдік бар деген сөз. Сондықтан бұл мәселеде түбегейлі шешім қабылданбайды деп ойлаймын. Өйткені бұл жаңа модель. Ал жаңа модель әрқашан ауыр енеді. Сондықтан ескі модельде қалған дұрыс», - дейді Ләззат Ибрагимова.

Соңғы жаңалықтар