Отбасы институтын нығайту: Ақтауда ауқымды аймақтық форум өтті

АҚТАУ. KAZINFORM — Бүгін Ақтау қаласында отбасы институтын нығайту мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған «Отбасы және қоғам: жаңа мүмкіндіктер кезеңі» атты аймақтық форум өтті. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығы мәлім етті.

Отбасы институтын нығайту: Ақтауда ауқымды аймақтық форум өтті
Фото: Маңғыстау облыстық әкімдігі

Ауқымды іс-шара облыс әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты, «Аналар кабинеті» қоғамдық қоры және жергілікті кәсіпкер әйелдердің қолдауымен ұйымдастырылды.

Отбасы институтын нығайту: Ақтауда ауқымды аймақтық форум өтті
Фото: Маңғыстау облыстық әкімдігі

Форумның басты мақсаты — отбасы институтын нығайту, ұлттық тәрбиенің маңызын арттыру, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғам арасындағы өзара серіктестікті жаңа деңгейге көтеру.

Отбасы институтын нығайту: Ақтауда ауқымды аймақтық форум өтті
Фото: Маңғыстау облыстық әкімдігі

Шараға еліміздің әр өңірінен келген делегациялармен қатар Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, ардақты ана, халық емшісі Қаламқас Күлбарақова, психолог, алты кітаптың авторы Елжас Ертайұлы, Қызылорда облысындағы «Анаға тағзым» орталығының директоры, «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының төрайымы Алтынай Молжанова, «Astana» телеарнасының бас продюсері, көпбалалы ана Мейрамгүл Мәдәлі, ұлттық және өңірлік комиссия мүшелері, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, көпбалалы аналар, білім саласының өкілдері қатысты.

Айта кетейік Қазақстанда 131 Отбасын қолдау орталығы бар. Бір жыл ішінде Отбасын қолдау орталықтарына өмірлік қиын жағдайға тап болған 45 мыңнан астам қазақстандық жүгініп, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік кеңес алды. 15,4 мың отбасыға кешенді көмек көрсетілді.

Сонымен қатар ОҚО-лар арнайы әдістеме бойынша некеге тұруға өтініш берген азаматтарды тегін оқытуды бастады. Қазірде 300-ден астам жұп оқудан өтті.

Соңғы жаңалықтар