«Отбасы – мектеп – мемлекет» үштігі үйлесімді болса, жақсы нәтижеге жетуге болады – Президент

АСТАНА. KAZINFORM – Ұрпақ тәрбиесінде ата-ана, мұғалім және мемлекеттік органдар бірге жұмыс істеуге тиіс. Бұл туралы елордада өтіп жатқан ұстаздардың республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Отбасы – мектеп – мемлекет» үштігі үйлесімді болса, жақсы нәтижеге жетуге болады – Президент
Фото: Ақорда

– Халқымыз «Тәрбие тал бесіктен басталады» деп бекер айтпаған. Ұрпақ тәрбиесінде ата-ана, мұғалім және мемлекеттік органдар бірге жұмыс істеуге тиіс. Себебі, жауапкершілік бәріне – ортақ. Хакім Абай да «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп айтқан. «Отбасы – мектеп – мемлекет» үштігі үйлесімді болса, жақсы нәтижеге жетуге болады. Ал бұл үштіктің өзегінде – еңбекқорлық идеясы болуға тиіс. Жас ұрпаққа еңбексіз ешқандай игілік болмайтынын үнемі түсіндіріп айту керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы қоғамда масылдыққа жол бермеу қажеттігін баса айтты.

– Себебі, бұл жол тек тығырыққа тірейді. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы – осы бағыттағы нақты шараның бірі. Мен бұған дейін де айттым. Таза Қазақстан дегеніміз – қоршаған ортаны таза ұстау ғана емес. Әрине, ол да маңызды. Сонымен бірге бұл – ой-сана тазалығы деген сөз. Жан-дүниесі таза адам қайырымды, мейірімді болады. Қолы таза адам жемқорлыққа бармайды, адал болады. Асыл қасиеттерді бойына сіңірген нағыз адал азаматтар Әділетті Қазақстанның тірегі болатыны сөзсіз, - деді Президент.

Мемлекет басшысының пайымынша, мұғалімдер мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқарып жатыр. 

Дегенмен ұстаздың назары бала оқыту ісінде болуға тиіс.

Соңғы жаңалықтар