Отбасылық дәстүрден басталған кәсіп: ШҚО-лық кәсіпкер жасаған қара сабынға Қытайдан да тапсырыс түседі
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында тұратын Сандуғаш Айтқажықызы қара сабын жасау әдісін заманауи сауда талаптарына бейімдеген. Қазір кәсіпкердің өнімдеріне Қазақстанның ондаған қаласынан бөлек, Қытайдан да сұраныс бар. Алдағы уақытта ол брендін патенттеп алмақ.
Отбасылық дәстүрден басталған өндіріс
Сандуғаш Айтқажықызы бұл кәсіпке кездейсоқ келмеген. Қара сабын жасау өнері оның отбасында бұрыннан бар. Анасы бұл іспен қызы дүниеге келмей тұрып айналысқан. Ал сабын дайындаудың қыр-сырын шешесіне енесі үйреткен екен.
- Бала кезімнен осы өнімді пайдаланып өстім. Сондықтан бала күнгі таныс дүниені кәсіпке айналдырдым, - дейді Сандуғаш.
Кейіпкеріміз Қытай Халық Республикасының Алтай аймағында дүниеге келген. 2006 жылы отбасымен бірге тарихи отанына оралып, Зайсанға қоныс тепті. Алғашында технолог мамандығын меңгеруге ниеттенгенімен, анасының денсаулығына байланысты оқуын аяқтай алмады. Кейін сауда саласына бет бұрып, 15 жылға жуық тәжірибе жинақтады.
2012 жылы жеке кәсібін ашып, алғашқы кезеңде алып-сатумен айналысты. Ал соңғы үш жылда өз өнімдерін өндіруге басымдық беріп келеді. Бұл бағытта алдымен қажетті құжаттарды рәсімдеп, өнімді нарыққа таныту жұмыстарын жүргізген. Қазір шағын отбасылық кәсіпте бес адам еңбек етеді.
Кәсіпкердің негізгі өнімі - дәстүрлі әдіспен дайындалатын қара сабын. Одан бөлек, шаш күтіміне арналған шампуньдар, қара зере майы, жусан, жалбыз және зімбір қосылған сабын түрлері бар. Жалпы, тұтынушыларға ұсынылатын өнім саны 30 түрге жетеді.
- Өндірістің ерекшелігі - шикізаттың басым бөлігі табиғи болуы және дайын өнімнің қолмен әзірленуі. Бұл істің технологиясын тереңірек меңгеру үшін Қытайдағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына арнайы барып, тәжірибе жинақтадым. Қара сабынның дайындалуы бір күнде бітетін жұмыс емес. Ең алдымен қажетті дәрілік шөптер жиналып, кептіріледі. Одан кейін оларды өртеп, алынған күлді суға қайнатып, тұндыру қажет. Келесі күні тұнбаның сұйық бөлігі сүзіліп алынады. Оны ұзақ уақыт қайнату нәтижесінде шөп құрамындағы табиғи сілті алынады, - дейді Сандуғаш Айтқажықызы.
Одан соң осы сілті малдың іш майымен араластырылады. Шикізат ретінде қой, ешкі немесе сиырдың майы пайдаланылады. Қоспаны алты-жеті сағат бойы үздіксіз араластыру қажет. Барлық жұмыс қол күшімен атқарылады. Дайын болған сабын арнайы қапталып, тапсырыс берушілерге жөнелтіледі.
Сандуғаштың айтуынша, қара сабынның басты ерекшелігі - құрамында синтетикалық қоспалардың болмауы. Кәсіпкер оны тері мен шаш күтіміне арналған дәстүрлі өнім ретінде ұсынады. Әсіресе безеу, қайызғақ және терінің түрлі мәселелеріне байланысты осы сабынды іздеп келетін тұтынушылар бар. Дегенмен мұндай өнімдерді медициналық емнің орнына қолдануға болмайды.
Қазақстанның ондаған қаласына жеткізіледі
Бүгінде Сандуғаштың өнімдері тек Зайсан тұрғындарына ғана емес, еліміздің өзге өңірлеріндегі тұтынушыларға да қолжетімді. Ол өнімдерді сатуда әлеуметтік желінің мүмкіндігін тиімді пайдаланып отыр. Әсіресе TikTok платформасындағы тікелей эфирлер арқылы тапсырыс қабылдайды. Эфир барысында тауарлардың құрамын, дайындалу ерекшеліктерін және қолдану тәсілдерін түсіндіреді.
- Қазақстанның ондаған қаласында өнімдерімді тұрақты алып, қайта сатумен айналысатын делдалдар қалыптасқан. Қытайдың бес қаласында да осындай серіктестер бар. Зайсанның шекаралас орналасуы көрші елге тауар жөнелтуге де мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе сабын мен тарыға тапсырыс беретіндер кездеседі, - дейді кәсіпкер.
Өнімдердің бағасы да әртүрлі. Мәселен, қара сабынның орташа құны - 1500 теңге болса, шампуньдардың бағасы 6000 теңгеге дейін жетеді.
Кәсібін балаларына аманат етпек
Сандуғаштың өндірісі - отбасылық іс. Жұбайы, анасы мен енесі кәсіптің дамуына қолдау көрсетіп келеді. Төрт баланың анасы шағын өндірісті болашақта балаларына қалдыруды да ойластырып қойған. Оның пайымынша, уақыт талабына сай дамыған кәсіпті кейінгі буын жаңа деңгейге көтере алады.
Қазір кейіпкеріміз облыста жүзеге асырылып жатқан «Бір ауыл - бір өнім» жобасы аясындағы көрмелерге тұрақты қатысып жүр. Биыл Катонқарағай ауданында өткен «Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалінде де өз тауарларын таныстырды.
Енді кәсіпкер брендін патенттеу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Мемлекеттік қолдау бағдарламаларына әзірге қатысып үлгермегенімен, алдағы уақытта осы мүмкіндіктерді пайдаланып, өндіріс көлемін ұлғайтуды көздейді. Жоспарында ыдыс-аяқ пен киім жууға арналған табиғи тазартқыш құралдар шығару да бар.
Еске салсақ, бұған дейін ШҚО тұрғыны қолөнердің төрт бағытын қатар алып жүргені жайлы жазғанбыз.