Отбасылық келіспеушіліктің бәрін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жатқызуға болмайды - Баян Ахатай

Отбасылық келіспеушіліктің бәрін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жатқызуға болмайды. Мұндай пікірді Қазақстан халқы Ассамблеясының «Аналар» кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатай білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

Баян Ахатай
Фото: Kazinform

«Әйел затына мүлдем қол көтеруге болмайды. Дегенмен, түрлі жағдай болады. Қазақстанда қандай Дағдарыс орталығы болса, солардың барлығында дерлік болдық. Сол кездері бір-екі Дағдарыс орталығының басшысы: «Мына әйелдердің мінезін көрген кезде өзің ұрып жібергің келеді» деген еді. Яғни, кей жағдайда әйелдеріміз де ер адамды мәжбүрлейді. Ер адамның сабырлығы қаншалықты екенін білмейміз. Ер адам да, әйел де некеге әрбір сөзі мен ісінің арты неге шабатынын түсініп, жауапкершілікпен отыруы тиіс. Ал күнделікті отбасылық келіспеушіліктің бәрін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жатқыза беруге болмайды», - деді Баян Ахатай агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Оның атап өтуінше, адамның ар-намысына тиетін нәрселер үнемі қайталанып отырмауы қажет.

«Жүйелі түрде қайталанатын ар-намысқа тиетін сөздер, боқтық сөздер қалыпты жағдай болмауы тиіс. Мәселен, оңтүстікте анадан боқтайды. Бұл қалыпты жағдай сияқты. Ол қалыпты жағдай болмауы қажет. Ана деген қасиетті ұғым. Жабайы қарым-қатынас түрлері келмеске кетуі керек. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда түрлі оқыс жағдайлар зорлық-зомбылық салдарынан болып жатыр. 2022 жылдың статистикасына жүгінер болсақ, 1 жылдың ішінде 70 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан бақилық болған. Сондықтан біз тұжырымдамалық заңнамалар шыққанға дейін кез келген дабылға әрекет етуге тиіспіз. Бұл міндетті де. Өткені оның артында адам тағдыры тұр. Тіпті, жалған не болмашы нәрсеге шалынған қоңырау болса да ол анықталуы қажет», - деді кеңес төрағасының орынбасары.

Айта кетейік, елордада Орталық Азия өңірінде әйелдер мен қыздарға қатысты жасалатын зорлық-зомбылықтың алдын алуға ер-азаматтары жұмылдыру саласындағы ұлттық әлеуетті нығайтуға бағытталған өңірлік семинар-тренинг өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар