Отбасының әл-ауқат санаттарының енгізілуі: банктер несие беруден бас тартуы мүмкін бе

АСТАНА. KAZINFORM — Отбасының әл-ауқаты санаттарының енгізілуі несие беруге қаншалықты әсер етуі мүмкін. Бұл сұраққа Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жауап берді.

90-ға жуық несие беретін ұйым лицензиясынан айырылды
Фото: freepik.com

Оның айтуынша, Қазақстанның қаржы секторы цифрлық технологиялар мен дерекқорларды интеграциялауды бұрыннан қолданып келеді.

- Бұл жағдай ұлттық қаржы инфрақұрылымының операторлары ретінде бізге де және коммерциялық банктерге де қатысты. Мемлекеттік кредиттік бюро мен Бірінші кредиттік бюро әртүрлі дерекқорлармен, соның ішінде активтер, жеке табыс және басқа да мәліметтерді қамтитын дерекқорлармен интеграция орнатуға мүмкіндік береді. Несие алуға өтініш берген кезде, сіз банкке өзіңіздің кредиттік тарихыңызбен танысуға рұқсат беретін келісімге қол қоясыз. Осылайша, банк сізді мүлдем жаңа клиент ретінде емес, керісінше, табысыңыз, зейнетақы жарналарыңыз, активтеріңіз және басқа да қажетті деректеріңіз туралы ақпараты бар адам ретінде қарастыра алады», — деп түсіндірді Т. Сүлейменов Ұлттық банкте өткен баспасөз мәслихатында.

ҰБ басшысы банктердегі мұндай процестер бұрыннан цифрландырылғанын, бұл қаржы институттарына несие беру кезінде тәуекелдерді бағалауға мүмкіндік беріп отырғанын атап өтті.

- Банктерде бұл тетіктер әлдеқашан цифрландырылған. Нәтижесінде, олар әрқайсымызға қатысты тәуекелді анық көріп отыр. Мұндай мүмкіндік оларда бұрыннан бар. Сондықтан, несие алу бойынша қандай да бір қосымша тәуекелді көріп тұрған жоқпын. Біз қаржы жүйесін айтарлықтай тиімді түрде цифрландырып үлгердік, — деді Ұлттық банк төрағасы.

Тимур Сүлейменов банктер үшін отбасының әл-ауқат деңгейі бойынша деректер маңызды емес екенін, өйткені олар өздерінің анағұрлым жетілдірілген скорингтік модельдерін қолданатынын атап өтті.

Әрбір банк қарыз алушыларды бағалау тәсілін өзінің басым несиелеу бағыттарына (мысалы, тұтынушылық несиелер, автонесиелер немесе бизнеске берілетін несиелер) қарай дербес айқындайды. Сондықтан клиенттерге қойылатын талаптар әртүрлі болуы мүмкін.

Айта кетейік, Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік қолдаудың жаңа жүйесі толық көлемде іске қосылады.

Қазақстанда 212 мыңға жуық үй шаруашылығы әлеуметтік осал санатқа жатады. Бұл елдегі барлық үй шаруашылығының шамамен 3%-ы және әлеуметтік бағалаудың Е санатына жатады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мұндай отбасыларды анықтап, оларға мемлекеттік көмек бірінші кезекте көрсетілетінін айтты.