Отбасы банк басшысы баспана қашан арзандайтынын айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова еліміздегі баспана нарығындағы жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның пікірінше, қазір баспана нарығы біршама тұралап қалды. Бұл тұрғыда тұрғын үй саудасына қатысты келісімшарттар саны 2020 жылғы деңгейге дейін төмендеген.
«Менің ойымша, 8-9 айдан кейін үй сатып алуға, яғни баспана сатып алатындарға өте жақсы кезең болады. Өйткені құрылыс компаниялары да, қайталама тұрғын үй нарығында да жеңілдіктер ұсынылады», - деді Ләззат Ибрагимова Мәжілісте тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, шамамен бір немесе бір жарым жылдан кейін сұраныс бұрынғы қалпына келеді. Бұл халықтың табиғи өсімімен байланысты болады. Жыл сайын 450 мыңнан астам бала дүниеге келеді, сонымен қатар жаңадан некелер қиылады.