Отбасы құндылықтарын ілгерілету жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп жатыр

«Осы жылдың 1 шілдесінен бастап, Қылмыстық кодекске және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулер күшіне енді. Заңнамаға енгізілген бұл өзгерістер куәгерлердің айғақтары мен бейнекамералардың жазбалары негізінде жәбірленушілердің мәлімдемесінсіз зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғауға мүмкіндік береді, тараптардың қайта татуласу мүмкіндігін болдырмайды. Материалдық немесе өзге де тәуелділіктегі адамдарға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік күшейтілді», - деп атап өтеді Үкімет басшысы.
Әлихан Смайыловтың дерегінше, Оқу-ағарту министрлігі балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірлеп жатыр.
Аталған құжат жобасы балалардың құқығы мен мүддесін және оларды зорлық-зомбылықтан қорғауды, суицидтің алдын алу жөніндегі мемлекеттік саясаттың басым бағыттары бойынша мемлекеттік органдардың іс-әрекеттері мен шараларын қамтиды.
«Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Бас прокуратура және Ішкі істері министрлігімен бірлесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі саясатты қайта қарау, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі іс-шараларды заңнамалық тұрғыдан күшейту, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды ілгерілету жөніндегі кешенді жоспар әзірлеуде. Заңнамалық өзгерістердің ішінде агрессорды зорлық-зомбылық объектісінен оқшаулауды, ашуды басқару бойынша міндетті психологиялық курстарды енгізуді, шалғайдағы елді мекендердегі құрбандарға көмек көрсету үшін мобильді топтардың мәртебесін нормативтік реттеу қарастырылуда», - деді Премьер-Министр.