Отбасылық демалыс, мектеп турлары және Kids go free: Ішкі туризм қалай дамып жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде ішкі туризмді жылдан-жылға дамып келеді. Әсіресе, пандемия бұл бағытқа серпін бергені белгілі. Саланы ілгерілету бағытында қандай шаралар атқарылып жатыр? Туристерге қандай жеңілдіктер қарастырылған? Осы және өзге де сұрақтарға «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

- Биыл Kazakh Tourism ұлттық компаниясының құрылғанына 5 жыл. Осы уақыт аралығында қандай нәтижелерге қол жеткізілді?

- Алдымен, визалық көші-қон режимі жойылды. Мемлекет басшысы шетелдіктер толтыратын визалық және көші-қон қағаздарын алып тастауды тапсырған еді. Оның орнына eQonaq жүйесі іске қосылды, көпшілік оны біледі. Бұл сәтті жүйе болды, онда еліміздегі барлық туристік орындар мен қонақ үйлер тіркелген. Біз eQonaq жүйесі арқылы елімізге келген шетелдіктер саны туралы статистиканы көріп қана қоймай, шетелдік туристер үшін көші-қон қызметтері процесін жеңілдетеміз. Бұл жүйедегілер саяхатшылардың қайда тоқтағанын да көре алады.

Сонымен қатар, туризм саласы алғаш рет мемлекеттік қолдау тапты. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай. Бұл бағытта біраз жұмыс істелінді. Пандемия кезінде туризмді дамыту бойынша заң жобасы әзірленді. Сол арқылы туризмді мемлекеттік қолдаудың жеті шарасына қол жеткізілді. Ол дегеніміз – туристік автобустар сатып алуға, тау шаңғысы жабдықтарын орнатуға субсидия беру. Одан бөлек, шетелдік туристерді тартуда бонустар жүйесі, балаларға арналған тегін әуе сапарлары – Kids go free жүйесі, жол бойында әжетханалар салу және оны күтіп ұстауға алғаш мемлекеттік қолдау көрсетілді. Аталған шаралар 2022 жылдан бастап іске асырылып келеді. Оның кейбіріне біз, белгілі бөлігіне Мәдениет және спорт министрлігі және әкімдіктер жауапты.


- Отандық туризмге шетелдік инвестицияларды тарту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Қазақстан туризмінің имиджін шетелде ілгерілетуге арналған жобалар бар ма?

- Туризмге жергілікті инвестицияларды тартудан бастадық. Жалпы ішкі өнім құрылымында туризм үлесі – шамамен 3%. Қызмет көрсету саласын қарасаңыз, алдымен техникалық қызмет көрсету станциялары мен мейрамханалар тұр. Инвестицияны туризмге тартып, оның нәтижесін көру – ұзақ процесс, 7 жылдан 10 жылға дейін уақыт керек. Сондықтан, инвесторларды тарту қиынға соқты. Осы орайда, біз туристік құрылыстарға жұмсалған қаржыны субсидиялау және қайтару бойынша мемлекеттік қолдау шараларын ұйымдастырдық. Айталық, қонақ үй немесе кез-келген туристік нысанды салса, автобустар паркін жаңартып, тау шаңғысы жабдықтарын сатып алса, оған жұмсалған соманың 10% қайтарып алуға болады. Мұндай ынталандыру инвесторларды көбірек тартуға мүмкіндік береді.

Негізгі жобаларға келсек, Түркістандағы «Керуен-сарай», Ақтаудағы жылы жағажай, әуежайлар құрылысы. Шетелдік инвестицияларға қатысты тағы бір айта кететін жайт, біз инвестиция тартуға жауапты емеспіз. Иинвесторларды сүйемелдеуге жауаптымыз. Бұл бағытта Сыртқы істер министрлігі және Kazakh Invest компаниясымен тығыз жұмыс істейміз. Салаға қатысты іс-шараларға үнемі қатысамыз, жобаларымызды көрсетеміз, әлеуетті қатысушылармен алдын ала жұмыс жасаймыз. «Менің жерім, өз капиталым, бизнес-жоспарым бар және шетелдік инвесторды тартқым келеді» деген бастамамен келгендерге финмодель есептілігін толық жасақтауға көмектесеміз, сараптамалық қорытынды береміз. Бастамашы мен инвестор арасындағы көпір қызметін атқарамыз.


- Биыл мамырда Торыш алқабынан тас шарлар ұрланды. Содан кейін адамдар ол не шарлар, қайдан әкелінгеніне қызығушылық таныта бастады. Неліктен қазақстандықтардың өз елі туралы білімі таяз?

- Мүмкін еліміздің аумағы үлкен болғандықтан шығар. Екіншіден, шынымен де ақпарат аз. Біз жалпы маркетинг бойынша артта қалып келеміз, өйткені әкімдіктердің де, бизнестің де қаражаты, тәжірибесі мен креативі жетіспей жатады. Сонымен қатар, біз шетелдік өнімдермен бәсекелесіп жатырмыз. Туристерді тартуда, туризмді ілгерілетуде жарнаманың рөлі өте зор. Оны мектеп жасындағы балалардан бастау керек. Бүгінгі оқушы – ертеңгі турист. Мектепте өлкетану бойынша практикалық сабақтар өткізу қажет.

Осыдан 5 жыл бұрын біз мектеп турларын ұйымдастыруды қолға алдық. Содан кейін танымал тұлғаларды тарта бастадық. Бүгін бұл бастамаға әкімдіктер де үлес қосып келеді. Қазір Байқоңырға оқушылар турын әзірлеп жатырмыз. Балалардың қауіпсіздігін қамтуда аккредиттелген, салада тәжірибесі бар туроператорларды тартуға дайынбыз.

Ал, Торыштағы тастардың ұрлауына келсек, мәселе жалпы мәдениеттің жетіспейтіндігі. Оны мектеп орындығынан бастап бойға сіңіру керек. Бұл – әлеуметтік жарнама. Бұл туралы үнемі айтып отыру керек, өйткені мұның геологиялық ерекшелік екенін бәрі бірдей біле бермейді.

Тастар ұрланғаннан кейін Google-ден «Торыш» құндылығы туралы 18 беттен тұратын өте танымал геологиялық ұйымның мақаласын оқыдым. Егер ол шетелде мойындалса, ал оның құндылығын өзіміз түсінбесек, демек мәдениеттің деңгейі осы.

- Отандық туризмді ілгерілетуге біраз қаражат бөлінеді. Биыл қанша қаржы бөлінді және қандай мақсаттарға жұмсалды?

- Туристік өнім жасап, оны қазақстандық және шетелдік нарықта ілгерілету бағдарламасы бойынша қаржыландырылады. Бұл бағдарлама бойынша ұлттық компанияға жыл сайын 2-3 млрд теңге бөлінеді. Оның ішінде бейнероликтер түсіру, маркетингтік іс-шаралар, туристік өнімдер стандарттарын әзірлеу, шетелдік блогерлерді, журналистерді, туроператорларды тарту және басқа да бастамалар кіреді. Егер көрші елдермен салыстырсақ, бізде бөлінетін сома аз. Бұл жерде мәселе неде? Мысалы, Түркия жарнамаға жылына 385 миллион доллар жұмсайды. Сонымен қатар, олар туризмге миллион доллар алады. Бүгінгі таңда туризмнің Қазақстанның ЖІӨ-ге қосқан үлесі – шамамен 3% - 3 трлн теңге. Туризмді ілгерілетуге 3 млрд теңге жұмсай отырып, сала қазірдің өзінде 3 трлн теңге беріп отыр.

- Біз қонақжай халықпыз. Дегенмен, шетелдік қонақтар үшін елімізде жағдай жасалған ба? Әсіресе, қызмет көрсету, әжетханалар мәселелері қалай шешіліп жатыр?

- 2018 жылы әжетханалар бойынша тексеру жүргізіп, 500 әжетхана жетіспейтінін анықтадық. Содан бері жанармай құю бекеттерінде және көлдер жағасында 200 әжетхана салынды. Сонымен қатар, әжетханаларды күтіп ұстауға субсидия беру енгізілді. Бүгінде тағы 300 салу керек. Бұл –бірлескен жұмыс, себебі «Kazakh Tourism»-нің өздігінен әжетханалар салуға құқығы жоқ. Біздің міндет – әжетхананы қайда салу керегін көрсету және жергілікті атқарушы органдар мен бизнеске көмектесу. Біз – проблемаларды анықтаушы органбыз. Жалпы, туризмге 30-дан астам саланың қатысы бар.

Турбизнесті қорғау керек, біз Үкіметке туризм саласының үнін жеткізушіміз. Оның ішінде әжетхана мәселесі де бар. Әкімдіктер «Өңірдің туристік әлеуеті бар ма?» деген мәселені шешіп алуы керек. Біз әкімдіктерге өңірдегі негізгі туристік маршруттар, жол бойындағы дәретханалар мәселесі және олардың қанша көлемде жетіспейтіні туралы ақпарат бердік. Бүгінде елдегі жанармай құю бекеттерінің 75%-ы жол бойындағы қызмет бойынша ұлттық стандарттарға сәйкес келеді. Бұл жағдайды «ҚазАвтоЖол» компаниясы қадағалайды. Бірнеше жыл бойы бірлесіп жұмыс істеп келеміз.

- 2019 жылы топ-10 туристік бағыт анықталды: Бурабай, Балқаш, Алакөл тағы басқа. Олар туристер арасында былай да танымал. Мүмкін, жаңа туристік бағыттар бар шығар?

- Менің ТОП-10 туристік бағытым Маңғыстаудан басталады. Әр барған сайын өзіме жаңа нәрсе ашамын. Оны ландшафтық туризм деп атайық. Бұл тек Каспий емес. Бұл аймақтың сұлулығы шексіз. Содан соң Катонқарағай. Бұл туристік бағытты пандемияға дейін білдім. Пандемия уақытында барып тұрдым. Бұл – шалғайдағы тұмса табиғат, ұлттық саябақ. Астанадан алыс емес тағы бір бағыт – Баянауыл. Мен бұл аймақты өте жақсы көремін және оның Бурабайға қарағанда әлеуеті жоғары деп санаймын. Таулар мен дала оазисі көз тойдырады. Жалпы, кез келген ұлттық саябақ мен үшін үздік туристік орындарға кіреді.


Соңғы жаңалықтар