Отбасылық зорлық-зомбылықпен күреске тик-токерлер мен блогерлерді тарту ұсынылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасын шешудің бір амалы ретінде белсенді азаматтарды, блогерлер мен тик-токерлерді іске тартып, тренд-видеолар жасау ұсынылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлхайыров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Полиция тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кешенді алдын алу шараларын қабылдап жатыр. Яғни профилактикалық әңгімеден бастап қылмыстық жауапкершілікке тартуға дейінгі жұмыстар. Алайда, статистика көрсеткендей, жағдай түбегейлі өзгермей отыр. Өз кезегінде, күш қолдану профилактикасы ажырасудың өсуіне, түрмеге түсетіндердің көбеюіне, сондай-ақ әлеуметтік наразылыққа әкеледі. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен тиімді күресу үшін әлеуметтік қызмет, балаларды қорғау мекемелері, медицина қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар және басқа да субъектілермен бірлесіп кешенді тәсіл құру қажет», - деді Ренат Зұлхайыров Астанада өткен отбасылық зорлық-зомбылық мәселелеріне арналған құқықтық форум барысында.

Сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің өкілі тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесімен күрес шарасына қоғам белсенділері мен тик-токерлер, блогерлерді тартуды ұсынды.

«Қазір жастар Instagram және YouТube арқылы мінез-құлық стереотиптерін белсенді түрде сіңіруде. Біздің қоғам БАҚ институттары жұмысының тиімділігін арттыруға аса мұқтаж. Осы орайда ұсыныс: о тбасында болатын түрлі жағдайдан хабар беретін қысқаша әрі мағыналы роликтер түсіру арқылы белсенділерді, тик-токерлерді, блогерлер мен медиа тұлғаларды тренд үшін тартуға болады», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар