Отбасыма масыл болғым келмеді - паралимпиялық спортшы Серік Есматов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Паралимпиялық спортшы Серік Есматов «Мен өзім ойлағаннан да күштімін» мотивациялық ролигін түсірді. Спортшы ҚазАқпарат тілшісіне спортқа деген ынтасын қалай сақтап қалғанын айтып берді.
None
None

Паралимпиялық спортшылар үшін өмірдің әр күні күрес екендігі белгілі. Ал сайысқа шығу одан да қиын. Тіпті жаттығудың өзіне әрқашан аурумен, қоғамның сыңаржақ пікірімен, өзінің ішкі сенімсіздігімен күресуге тура келеді.

Серік Есматов бала кезінен спортты жақсы көретін. 10 жасында оны ағалары Арман мен Аян спортқа  тартқан.

«Мен әр спорт түрімен айналысып көрдім. Соның ішінде бокс, жүзу, велоспортта жақсы нәтиже көрсеттім. Үлкен спортта жұлдыз болуды армандадым. Бірақ 13 жасымда қапелімде аяғымнан айрылып қалдым. Сонда да ерік-жігерімді қайрап арманыма жетуге тырыстым. Арманым мені паралимпиялық спортқа әкелді», - деді Серік Есматов.

Барлық паралимпиялықтар сияқты Серік те басынан өткен қайғылы жағдай туралы айтқысы келмейді. 

Өткенді ұмытып, тағдырына мойынсұнған Серік енді тек алға ұмтыла бастайды.

Бір жыл ішінде Серік арбамен волейбол ойнай бастайды. Басында отбасына масыл болмау үшін оңалту мақсатында айналыса бастаған. 4 ай ішінде бапкерлер Серіктің спорттағы нәтижелерін байқай бастайды.

Осылайша ол арбамен волейболдан Қазақстанның жастар құрамасының мүшесі атанды.

2013 жылдың қазанында команда Малайзияда өткен Азия жастар параойындарында қола медальге қол жеткізеді.

Қазір спортшы Әлемдік спорт додаларына қатысып, алтын алуды, Қазақстанның мерейін арттыруды армандап жүр.

«Екі аяғың жоқ болса спортпен айналысу оңай емес. Ең алдымен өзіңнің қорқынышыңды, сенімсіздігіңді жеңе білу керек. Сондай-ақ, барлық залдар мүгедектерге ыңғайлы жасалмаған. Мен аяғыма уақытша болсын протез киіп жүре аламын. Ал кейбір мүгедектер олай ете алмайды. Арбаға мүлде таңылғандар бар», - деді С.Есматов.

Қазақстан Ұлттық Паралимпиялық комитеті паралимпиялық спортшыларға «Мен өзім ойлағаннан да күштімін» бейнеролигін түсіру туралы үй тапсырмасын берген болатын. Спортшылар роликте өздері туралы оқиғаны айтып береді.

«Паралимпиялық құраманың атлеттеріне осындай тапсырма берді. Мен осы тақырыпта видео түсіруді ұйғардым. Оған достарым көмектесті. Мәтін жазуға досым Дидар Кушаманов қол ұшын созды. Роликте жаттығу процесін көрсеттік, импровизациялық сәттер де бар», - деді ол.

Айта кету керек, осыған дейін өзінің тарихын паралимпиялық спортшылар Зульфия Ғабидуллина, Алексей Лукутин, Жалғас Тайкенов айтып берген болатын.

Басқа атлеттер тапсырманы жыл соңына дейін орындауы тиіс.

Соңғы жаңалықтар