Отбасымды ойлағандықтан да вакцина салдырдым – полицей

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Отбасымды ойлағандықтан да вакцина салдырдым. Бұл туралы Орал қаласында тұратын учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Әлнұр Мұхаметьяров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, бүгін №4 қалалық емханада вакцинаның екінші компонентін қабылдаған.

Бірінші компонентін салдырған кезде де денсаулығы қалыпты болған.

Әлнұр Бөкенбайұлы өзін жақсы сезінетінін жеткізді. Ол М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетін заңгерлік мамандығы бойынша бітіргеннен кейін 2008 жылдан бері осы салада қызмет атқарып келеді екен. Қазір «Құрылысшы» шағынауданындағы №15 учаскелік пунктте.

«Біздің жұмысымыз халықпен байланысты. Қызмет бабына байланысты түрлі жерлерге барып, адамдармен жолығуға тура келеді. Сондықтан індет жұқтырмау үшін осындай қадамға бардым. Оның үстіне отбасымда ата-анам бірге тұрады. Зайыбым, үш балам бар. Олардың да денсаулығын ойлау керек. Шыны керек, әлеуметтік желі арқылы вакцинацияға қатысты неше түрлі алыпқашты әңгіме келіп жатыр. Мен оған сенбеймін. Екпе салу ең алдымен өзің және отбасың қауіпсіз болуы үшін қажет деп ойлаймын», деді ҚазАқпарат тілшісіне Ә.Мұхаметьяров.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 3 мыңнан астам медқызметкердің коронавирус екпесін салдырғанын, соңғы аптада індет жұқтыру деңгейі 20,5 пайызға өскенін жазған болатынбыз.





Соңғы жаңалықтар