Отбасын қолдау орталықтарына 90 мыңнан астам адам жүгінді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Отбасын қолдау орталықтарына 90 мыңнан астам адам жүгінді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Дархан Қыдырәлінің атап өтуінше, салалық ведомство ретінде министрлік тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесіне қатысты үш бағыт бойынша жұмыс жүргізіп отыр.

«Біріншіден, жыл сайын отбасылық саясат саласында тереңдетілген талдамалық және әлеуметтану зерттеулері жүргізіледі. Ұлттық баяндамалар әзірленіп, мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдар үшін ұсынымдар жарияланады. 2021 жылғы әлеуметтану зерттеулерінде респонденттер отбасындағы зорлық-зомбылықтың негізгі себебі ретінде әлеуметтік-экономикалық сипаттағы проблемалық мәселелерді атап өтті. Олар: жұмыссыздық – 55,9 пайыз, маскүнемдік, нашақорлық сияқты зиянды әдеттер – 52,8 пайыз және отбасындағы моральдық-психологиялық, физикалық зорлық-зомбылық – 25 пайыз», - деді ол.

Оның атап өтуінше, екіншіден ақпараттық тапсырыс аясында республикалық және өңірлік БАҚ-та 2022 жылы қаңтардан бастап «Отбасы институтын нығайту» тақырыбында 4 042 материал, соның ішінде телеарналар эфирінде – 990 сюжет, баспа БАҚ беттерінде – 1 699, интернет-ресурстарда 1 353 материал жарияланды.

«Үшіншіден, 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру іс-қимыл жоспарына сәйкес, «Amanat» партиясының 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы жол картасы бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, отбасын қолдау орталықтарын құру жөніндегі жұмысты үйлестіру жолға қойылды. Қазір өңірлерде 46 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Оның 36-сы халықты әлеуметтік қорғау басқармалары жанынан ашылған. Барлық орталықтар жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады», - деді Дархан Қыдырәлі.

Министрдің дерегінше, орталықтар психологиялық, әлеуметтік және заңгерлік көмек көрсетеді, отбасы институтын нығайту, жан-жақты қолдау шаралары бойынша кеңес береді.

«Жыл басынан бастап орталықтардың қызметіне 90 мыңнан астам адам жүгінген. Осы орайда, «Мерейлі отбасы» сияқты республикалық іс-шаралар ұйымдастырылады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар