Отырарда егістік егуге келгендер қорымды қиратып кеткен
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM- Егістік алқабында адам сүйектері шашылып жатыр.

Әлеуметтік желіде тараған видеодан ер адамның көшеден жатқан сүйектерді видеоға түсіріп жүргенін көруге болады. Ол мақта егуге келгендер қорымды қиратып кеткенін айтқан. «Мынау бас сүйек, қабырға, жамбас» деп шашылып жатқан сүйектерді көрсеткен тұрғын ата-баба аруағының ризалығы үшін сүйектерді жинап жатқанын жеткізеді.
Аталған жағдайға қатысты пікір білдірген Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі оқиғаның Отырар ауданында болғанын айтты.
- Отырар ауданындағы «Таң-Шолпан» өндірістік кооперативінің аумағында ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерін көктемгі дала жұмыстарына дайындау барысында болған. Жер бедері біркелкі тегіс болғаны анықталды. Сонымен қатар қорым немесе адам жерленгені туралы ешқандай да белгі орнатылмаған,-делінген ақпаратта.
Сондай-ақ, әкімдіктің баспасөз қызметі аудан әкімдігі жанынан жұмысшы топ құрылғанын жеткізді.
- Жер пайдаланушы тарапынан аталған орында мұсылмандық рәсіммен жерленіп, белгі қойылып және қоршау жұмыстары толық жүргізіліп біткендігін хабарлаймыз. Дін өкілдерінің мәліметінше, Шариғат бойынша қабірстанның ішіне қойылған ең соңғы адамның бейітіне 40 жыл өткеннен кейін мазаратты сүріп тастап, орнына құрылыс жұмыстарын жүргізуге болады. Ал құрылыс алаңдарында жүргізілетін қазба жұмыстары кезінде адам сүйектері табылып жатса, ол сүйектер ақ матаға оралып, басқа жерге көміледі, - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістанда заңсыз салынған 14 ғимарат сот шешімімен бұзылғанын жазған болатынбыз.