12:13, 27 Қаңтар 2009 | GMT +5
Өткен 2008 жыл Қазақстанның электр энергетикасы саласы үшін табысты да нәтижелі болды ? Қ. Бозымбаев
АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Өткен 2008 жыл Қазақстанның электр энергетикасы саласы үшін табысты да нәтижелі болды. Бүгін 2008 жылдың қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында «KEGOС» АҚ президенті Қанат Бозымбаев осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен 2008 жыл еліміздің электр энергетикасы саласы үшін табысты да нәтижелі жыл болды. Былтыр Қазақстанның ұлттық электр торабын дамытуға бағытталған ірі жобалар Мемлекет басшысының белгілеген мерзімінде ойдағыдай аяқталды. «KEGOС» компаниясының жобалары республика халқының жартысынан астамын құрайтын Ақтөбе, Қарағанды, Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жүргізіліп, бұл өз кезегінде елдің жан-жақты дамуына, энергетикалық қауіпсіздікті арттыруға жол ашпақ. Жалпы алғанда өткен жылдың қазан айында «Солтүстік-Оңтүстік» транзиттік жобасының бірінші кезеңі аяқталып, іске қосылды. Биылғы жылдың соңына таман осы жоба құрылысы толық біткеннен кейін оңтүстікке жеткізілетін электр қуаты екі есеге дейін артатын болады. Сондай-ақ былтырғы жылы желтоқсанның 29-ында жалпы ұзындығы 500 шақырымды құрайтын «Солтүстік-Батыс» жаңа электр желісі қолдануға беріліп, «Ақтөбе» электр торабы Қазақстанның біртұтас электр энергетика желісімен бірікті», деді Қ. Бозымбаев.
Оның айтуынша, ағымдағы жылы да жаңа ауқымды жобаларды жүзеге асыру қарастырылып отыр. Атап айтқанда, ұлттық электр торабын жаңғыртудың екінші кезеңі, оның ішінде «Алма» қосалқы стансасы, Мойнақ СЭС-інің қуатын жеткізуші желілер мен қосалқы стансылар құрылысы басталады. Ал бұндай міндеттерді орындауға Үкімет пен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қолдау көрсетпек.