Өткен аптада 15 кісі өлтіру қылмысы әшкереленді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен апта ішініде еліміздің аумағында 3 мыңнан астам қылмыс жасалды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен аптада 15 кісі өлтіру қылмысы әшкереленді

«Бір апта ішінде 3 121 қылмыс жасалды, оның 2 071 тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 15 кісі өлтіруді, 1 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 3 қарақшылық, 37 тонау және 519 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты», - деді ресми өкіл ІІМ баспасөз қызметі алаңында өткен брифинг барысында.

Сонымен қатар ол өткен аптада қазақстандық тәртіп сақшылары кәсіби мереке-полиция күнін атап өткендігін еске салды.

«Өкінішке қарай, Тәуелсіздік жылдары қызметтік борышын орындау кезінде 802 қызметкер қаза тауып, 2 650 адам жарақат алды. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің қайсарлығы мен батылдығын ел басшылығы үнемі жоғары бағалайды. Осы жылдың өзінде Мемлекет басшысының Жарлықтарымен 27 қызметкер мемлекеттік наградалармен, ішкі істер органдарының 3 560 қызметкері ведомстволық наградалармен марапатталды», - деді Нұрділдә Ораз.