Өткен аптада 3 мыңнан астам қылмыс тіркелді – ҚР ІІМ
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда өткен аптада 3393 қылмыс жасалған, оның 2 мыңнан астамы ізін суытпай ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтып берді.
Ресми өкілдің хабарлауынша, өткен аптада республика бойынша 3393 қылмыс жасалды. Оның 2331-і тәулік ішінде ашылған.
«Полиция қызметкерлері ізін суытпай 6 кісі өлтіруді, 3 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана зиян келтіруді, 5 қарақшылық, 37 тонау және 517 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты», - деді Нұрділдә Ораз ҚР Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған апталық брифингіде.