Өткен аптада елімізде қанша қылмыс тіркелді

Өткен аптада 2437 қылмыс тіркеліп, оның 1515-і ізі суымай ашылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды Kazinform.

қылмыспен күрес
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

«Алдымен елдегі криминогендік жағдайға тоқталайық. Бір апта ішінде 2437 қылмыс жасалды, оның 1515-сі тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 6 кісі өлтіру, 5 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, 19 тонау және 279 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты», - деді Ш. Тұрлыбек министрліктің баспасөз алаңында өткен брифингіде.

Сонымен бірге, Қарағанды облысында мал ұрлығымен айналысқан топ ұсталды.

Өткен жыл соңында Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының полиция басқармасына екі ауыл тұрғыны жүгініп, қорасынан 12 қой мен жылқы ұрланғандығын айтқан. Мал иелерінің әрқайсысына 600 мың теңге шығын келген.

Кейінірек анықталғандай, 19-21 жас аралығындағы алты жігіт оңай олжа үшін осындай қылмысқа барған. Ұрланған түліктің етін сатып, түскен ақшаны өзара бөліскен. Күдіктілердің үйінен тәртіп сақшылары мал терісі мен бір тірі қойды тәркіледі. Төрт адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта топ мүшелерінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде, тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар