18:49, 27 Қаңтар 2009 | GMT +5
Өткен аптада «Нұр-Медиа» холдингіне «Литер» және «Айқын» газеттерін енгізу жөніндегі келісімге қол жеткізілді
АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Өткен жылдың соңында «Нұр-Медиа» атты ақпараттық холдинг құрылды. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының брифингінде аталмыш ақпараттық холдингтің бас директоры Арманжан Байтасов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Оның құрамына «Дала мен Қала» және «Страна и мир» атты екі негізгі газет кіреді. Бұдан басқа, өткен аптада холдингке «Литер» және «Айқын» газеттерін қосу жөніндегі келісімге қол жеткізілді. «Алдағы уақытта «Дала мен Қала», «Страна и мир» газеттерінің келбетін өзгертуді жоспарлап отырмыз. Ақпан айында аталмыш басылымдар жаңа форматта шығады», - деді Арманжан Байтасов. Оның айтуынша, холдинг «Жаңа Қазақстан» атты суреттер байқауын жариялауда. Жылдың соңында байқаудың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар қомақты сыйақымен марапатталады. «Сондай-ақ біз қазақстандықтардың өмірі жайында байқау өткізгіміз келеді. Біз адамдардың өмірі жайында баяндай отырып, еліміздің бай тарихы бар екенін және болашаққа мақсатталғанымызды көрсетеміз деп санаймын», - деді А.Байтасов.