Өткен аптада полиция қызметкерлеріне күш көрсетудің бірнеше фактісі тіркелді
АСТАНА. 15 мамыр. ҚазАқпарат - Өткен аптада полиция қызметкерлеріне күш көрсетудің бірнеше фактісі тіркелді.
Бұл туралы бүгін апталық брифинг барысында ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
«Өткен аптада қылмыстың жолын кесу, қызметтік міндетін атқару кезінде полиция қызметкерлеріне қарсы күш көрсетудің бірнеше фактісі тіркелді», - деді ол.
Мәселен, ресми өкілдің айтуынша, Таразда 102 пультіне хабарласқан 26 жастағы қала тұрғыны белгісіз 4 мас адамның өзінен ақша талап еткендігі жайында хабарлаған. Оқиға орын алған жерге жеткен «Щит-12» шолғыншы экипажы 20-20 жас аралығындағы 4 қала тұрғынын қолға түсірген. «Дегенмен ұстау кезінде күдіктілер полиция қызметкерлеріне белсенді қарсылық танытқан. Қазіргі уақытта олар уақытша оқшаулау орнына қамалды», - деді ол.
Сонымен қатар Алматы облысының Алакөл ауданына қарасты Достық стансасында түнгі мезгілде полиция қызметкерлері жол жүру ережесін бұзған «Мерседес-Бенц» маркалы көлікті тоқтатқан. Араққа сылқия тойған жүргізуші мен оның жолаушысы құжаттарын көрсетуден бас тартып, тіпті полиция қызметкеріне дене жарақатын салған. Олар да уақытша оқшаулау орнына тоғытылды.