Өткен айда елде не арзандап, не қымбаттады
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы қарашадағы айлық инфляция деңгейі 0,8% болды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
— Азық-түлік тауарларының ішінде қырыққабат 2,5%, сәбіз — 2%, қызылша — 1,4%, қант — 1,3%, апельсин — 1%, күріш — 0,5% арзандады. Бағаның өсуі келесі тауарларда байқалды: тәтті бұрыш — 5,2%, түсті қырыққабат — 5,1%, лимон, шоколад — әрқайсысы 1,9%-дан, макарон өнімдері — 0,4%.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында биылғы қараша айында қуат үнемдейтін шамның бағасы 1,7%, елімізде құрастырылған жаңа автокөліктер — 1,2%, қазан — 0,8% төмендеді. Смартфондар 5,4%, кір жуғыш машиналар — 2,5%, төсек орын жинақтары — 0,5% қымбаттады.
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында суық су тарифі 7,1%, су бұру — 6,2%, орталықтан жылыту — 4,9%, электр энергиясы — 2,7% төмендеді. Шет тілдерін оқыту курстары 2,6%, асханадағы түскі ас — 1,6%, дәрігерге алғашқы қаралу — 0,7% қымбаттаған, — делінген хабарламада
Жылдық мәнде инфляция 2025 жылғы қарашада 12,4% болды.
— Азық-түлік тауарлары бойынша қызанақ жылдық мәнде 8,1%, күріш — 6,9%, тәтті бұрыш — 1,2% арзандаған. Керісінше жұмыртқа 3,9%, сарымсақ — 3% қымбаттаған.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде кір кептіргіш 27,6%, мұздатқыш 14,6%, үтіктеу тақтасы 12% арзандады. Ыдыс жууға арналған құралдар бағасының деңгейі 7,7%, қабырға кафелі 6,2%, электросамокат 3,6% өскен.
2024 жылдың қараша айымен салыстырғанда қоқыс шығару қызметтерінің бағасы 8,5%, фотосуреттерді басып шығару қызметінің бағасы 7,5%, туристтерді медициналық сақтандыру 4,4% өскен, — делінген Ұлттық статистика хабарламасында.
Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Бақылаулар қызметтер мен тауарлардың тарифтері мен бағалары — барлығы 508 позиция бойынша жүргізіледі.
2025 жылғы қаңтардан бастап тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық–түлік тауарларының үлесі — 40,0%, азық-түлік емес тауарлар — 30,3%, ақылы қызметтер 29,7% болды.