Өткен бір жыл ішінде ішкі істер органдары 2 млн.-нан астам өтініштерді қарады - ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен бір жыл ішінде ішкі істер органдары 2 млн.-нан астам өтініштерді қарады. Бүгін Заңдылықты қамтамасыз ету, құқықтық тәртіп және қылмыспен күрес жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов осылай мәлім етті.

Өткен бір жыл ішінде ішкі істер органдары 2 млн.-нан астам өтініштерді қарады - ІІМ

«Бұл көрсеткіш алдыңғы 2012 жылға қарағанда 12 пайызға артық. Сонымен бірге, азаматтар арыздарының қаралу мерзімі де қысқара түсті. Мәселен, арыздардың 94 пайызы 3 күндік мерзім ішінде қаралады. Осының өзі халықтың полицияға деген сенімінің өсіп келе жатқанының белгісі», - дейді министр Қасымов.

Оның сөзіне қарағанда, былтырғы жылы ішкі істер органдарымен 348 мың қылмыстық іс қозғалды. 246 мың әкімшілік құқық бұзушылық ісі тергелген. «Бұнымен қоса, өтініштерді тіркеу мен оларды қарау азаматтар үшін ашық бола түсті. Жалпы, өткен жылы криминогендік ахуалдың өзгеруі байқалмаған», - деді министр Қ. Қасымов.

Оның айтуынша, аса ауыр қылмыстар саны он бес пайызға азайған. Сонымен қатар, былтырғы жылы кісі өлтіру қылмысы 12 пайызға қысқарса, тонау 7 пайызға кеміді, ал қарақшылық қылмысы 18 пайызға азайған. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 8 пайызға, қару қолдана отырып жасалған қылмыстар 11 пайызға төмендеді.