Өткен онжылдытағы тәжірибеміз мемлекеттік қызмет саласын дамытуға үлкен мүмкіндіктер береді - Қайрат Нұрпейісов

; АЛМАТЫ. Мамырдың 27-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Елбасы биылғы Жолдауда алдағы 10 жылдықтың басым бағыттарын анықтап берді. Бұл басым бағытты салалардың қатарында мемлекеттік қызмет саласы да бар. Осы ретте алдағы 10 жылда мемлекеттік қызмет саласын қандай өзгерістер күтіп тұр деген заңды сұрақ туындайды. Бұл мәселелер төңірегінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Қайрат Нұрпейісовпен
None
None

сұхбаттасқан едік.

- Қайрат Айтмұхамбетұлы биылғы жолдауда Елбасы мемлекет алдында тұрған алдағы 10 жылдағы маңызды мәселелерді айшықтап берді. Жалпы осы жолдауға сәйкес мемлекеттік қызмет саласы бойынша қандай мақсаттар туындап отыр?

- Елбасы жыл сайынғы Жолдауында мемлекетіміздің өткен уақыт аралығындағы іргелі істерінің нәтижесін қорытындылап, мемлекет алдында тұрған маңызды тапсырмаларды айқындайды. Әр Жолдаудың ел өміріндегі елеулі оқиғаға айналатыны да сондықтан. Қазақстан қоғамы үшін стратегиялық мәні зор биылғы Жолдау да, алдағы уақыттағы бағыт-бағдарымызды толығымен қамтиды. Ол«Қазақстан - 2030» стратегиясын іске асыру жоспарының алғашқы онжылдығын қорытындылап, ел дамуының келесі онжылдық жоспарына қадам басуын айшықтап отыр.

Бұл орайда Елбасы Ұлттық көшбасшы ретінде Қазақстан қоғамының күшін жұмылдырып, ел дамуы бағытындағы нақты мақсат-міндеттерді орындауға бағыттады. Аталған тапсырмалардың жүзеге асу мүмкіндігі зор. Бұл үшін Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктері де, адам ресурстары да жеткілікті. Ал енді мемлекеттік қызметке тоқталсақ... Өткен он жыл ішінде қабылданған стратегиялық бағыт негізінде еліміз даму жолында жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Мұндай жетістікке Қазақстан «Қазақстан - 2030» стратегиясындағы басымдықтардың бірі кәсіби үкімет құру шарасын жүзеге асырмай қол жеткізбес еді. Аталған стратегиялық тапсырма Қазақстанда мемлекет қызметін тиімді іске асыра алатын қазіргі заманғы мемлекеттік қызметті құруды қарастырады.

- Демек Мемлекеттік қызмет саласы үшін жолдауда көрсетілген бағыттар «Қазақстан 2030» стратегиялық бағдарламасының бағыттарымен сәйкес, жалғастыра отырып дамуды міндеттейді

- Иә, негізі мемлекеттік қызмет саласында жолдауға сәйкес мүлдем жаңа даму бағыттары қарастырылмайды. Тек заман талабына сәйкес бұрынғы бағыттар жаңартылады. Қазақстан 1990 жылдардың соңынан бері мемлекеттік қызмет жүйесіне оң ықпал еткен кешенді әкімшілік реформаларды жүзеге асырған болатын. Бұл орайда өткен жылдарда Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылып, «Мемлекеттік қызмет туралы», «Жемқорлыққа қарсы күрес туралы», сондай-ақ «Мемелекеттік қызметкерлердің ар-намыс кодексі» сынды бірқатар маңызды заңдар қабылданды.

Осындай әкімшілік реформаларды тиімді жүргізудің арқасында бүгінде Қазақстанда мемлекеттік қызметтің оңтайлы моделін қалыптастыру мүмкін болып отырғанын атап өту қажет. Талаптарды орындау тұрғысынан ол шетелдік баламаларынан кем түспейді. Бұған қоса, келешек даму жолында да мүмкіндіктері зор. Халықаралық ұйымдар мен сарапшылардың бағалауынша, осы салада Қазақстандық заңнама халықаралық стандарттарға біршама жақындап отыр.

Бұның басты көрінісі елімізде мемлекеттік қызметке орналасу конкурстық негізде жүзеге асырылады. ҚР Ата заңына сәйкес еліміздің әрбір азаматы еш кедергісіз мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігі мен заңды құқығына ие. Аталған қағида тең қолжетімділік ұстанымы деп аталады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет туралы қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызметке өту кезінде тілдерді білуге шектеулі талаптар қою көзделмеген.

Сондай-ақ елде саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметтің кадрлық резерві жұмыс істейді. Басқарушы саладағы мемлекеттік қызметкерлердің негізсіз жұмыстан шығарылуына жол бермеу заңмен қорғалады. Мемлекеттік қызметкердерді әлеуметтік қорғау мәселесіне де баса назар аударылады. Біліктілігімен көзге түскен мамандарды қызмет бабымен өсіру қарастырылған. Осының бәрі мемлекеттік органдарымыздың жұмысын анағұрлым айқын етіп, мемлекеттік қызметкердердің кәсібилігін артыруға мүмкіндік беруде.

- Қайрат Айтмұхамбетұлы кадрлардың біліктілігін көтеру мен мамандар мәселесі қалай шешілуде?

- Бүгінде кадрлардың біліктілігін арттыру мәселесін бір жүйеге келтіріп, тұрақты негізде жүзеге асырмайынша мамандарымыздың кәсібилігіне қол жеткізудің мүмкін болмайтыны белгілі. Бұл мәселемен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы және Ұлттық мемлекеттік саясат мектебі айналысады. Бұған қоса, мемлекеттік қызметкерлер қатары «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған жас мамандармен толыға түсуде.

Айта кету керек, мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талаптар жылдан жылға қатаңдай түсуде. Мәселен, қазіргі ақпараттық қоғам дәуірінде мемлекеттік қызметкерлердің ақпараттық технологияларды игерулеріне баса назар аударылады. Жұмыстың этикалық бөлігіне де ерекше мән берілуде. Әрбір мемлекеттік қызметкер азаматтардың талап-тілектерімен жұмыс жасай біліп, мәселенін мән-жайын анықтап, өз құзіреті аясында оның шешімін табуға бар күшін жұмсауы тиіс. Бұнымен қатар қызмет бабында мемлекеттік қызметкер тек мемлекет пен қоғам мүддесін жетекшілікке алып, кез-келген жағдайда отансүйгіштік, саяси бейтараптық және заңға бағынушылық қасиеттермен танылуы тиіс.

Әрине, мұндай талаптар мемлекеттік қызметкерлер үшін осыдан он жыл бұрын да маңызды болатын. Ал қазіргі дамуымыздың жаңа кезеңіне аяқ басқалы тұрған шағымызда бұл талаптар аса ерекше мәнге ие болмақ. Алдағы 10 жыл Қазақстанның ілгері дамуы мен жаңа бағыт-бағдарының шарықтаған кезеңіне айналары сөзсіз. Осы орайда мемлекет ролі нығая түсіп, мемлекеттік басқару сапасының артуына ерекше мән берілетін болады. Мемлекеттік аппарат халықаралық тәжірибенің тиімді тұстарын жинап, жұмыс барысында нәтижелілік, ашық болу және қоғамға есеп беру сынды маңызды қағидаларға негізделуі тиіс. Бұл заңды құбылыс, себебі, жаңа онжылдық экономикасын жоғары кәсіби әрі құзыретті кадрлар құрайтын болады.

- Алдағы уақытта мамандарды қызметке қабылдау бағытына өзгерістер енгізіле ме?

- Өзгерістер міндетті түрде болады. Мәселен Мемлекеттік қызметтің өкілдерін басқару жүйесі мемлекеттік қызметті атқару кезеңдеріне - конкурстық іріктеуден бастап, қызмет бабымен өсуі барысында - әр кезеңге сай құрылатын болады. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметке қабылдау тәртібін жетілдіру бойынша қосымша қажетті шаралар қабылданады. Ол конкурстық іріктеу жүйесіне белгілі жаңашылдықтарды енгізуді қажет етеді. Бұл орайда, өткен онжылдық тәжірибеміз бен бүгіндік өмір талабын ескеруімізді қажет.

Мемлекеттік қызметкерлерді кәсіби тұрғыда жетілдіру жүйесін жетілдіру аясы да кеңейіп отыр. Мәселен, әр қызметкер бір жылға арналған жеке басты даму жоспарын енгізу ісі қарастырылған. Бұл ретте мемлекеттік қызметкерлер жұмысының нәтижесі, оларды атттестациялау, арнайы оқу бағдарламаларын іріктеу, лауазымдық жоғарылау болжамы сынды бар жағдайлар ескерілетін болады. Әрбір мемлекеттік қызметкерді оқыту шарасы тұрақты түрде ұйымдастырылуы тиіс, яғни ол жаңа білім алып қабілеттілігін арттыру мақсатында кәсіби жолының әр кезеңін қамтуы міндет.

Аталған жағдайда маңызды рөл мемлекеттік органдардың кадрлар қызметіне тиесілі. Кадр қызметі жұмысына ортақ талаптар енгізіп, оларды кадрлық менеджмент қызметіне бөлу керек. Өзге сөзбен айтқанда, біздің кадрмен қамтамасыз ету қызметіміз тек кадр есебін жұргізіп қана қоймай, өз ведомстволары шеңберінде кадрларды толыққанды басқаруы тиіс.

- Биылғы жылы Елбасы мемлекеттік қызметкерлерді орталық-аймақ желісі бойынша ротациялауды ұсынды. Бұл қалай жүзеге аспақшы?

- Мемлекеттік қызметкерлердің мансабын жоғарылату жолында оларды ағымдағы жылдың қаңтар айында Президент алға тартқан орталық-аймақ желісі бойынша ротациялау іс-шарасы жүзеге асырыла бастады. Қазірде мемлекеттік орталық және аймақтық орындаушы органдар арасында жүргізіліп жатқан ротация ел үшін аса маңызды. Елбасы атап өткендей, елдің индустриялық-инновациялық дамуы бағытындағы бар тапсырмаларын орындау барысында бар ауыртпалық аймақтардың еншісіне тиесілі болатындықтан, облыстарымызды кадрлар тұрғысынан бекемдеуіміз керек. Бүгінде көпшілік аузында жүрген аталмыш ротацияның негізгі мәні осында жатыр.

Мемлекеттік қызмет кадрларын ротациялау шарасы көптеген елдерде тиімді қолданылып келеді. Мәселен, Финляндия Үкіметі «Ротацияны жүзеге асыру стратегиясы» жобасын қабылдап, осыған сай 2015 жылы 4 мыңнан 8 мыңға жуық мемлекетттік қызметкерін аймақтарға ротациялауды жоспарлап отыр. Сол сияқты, ротацияның мемлекет аппаратының қызметіне оң ықпал ететіне көз жеткізетін бірқатар мысалдар келтіруге болады. Бір орында ұзақ қызмет атқару мемлекеттік қызметкерлердің еңбекке деген ынтасының бәсендеуіне әкелетіні белгілі. Бұған қоса, қызметкер көзқарасы да қызмет аясымен шектеліп, біліктілігін жаңа басқару әдістерімен жетілдірмейтіні ақиқат. Жаңа қызметке ауысу - екі жақтың ахуалын салыстырып, жаңа жағдайларға бейімделу мүмкіндігін туғызады.

- Қайрат Айтмұхамбетұлы, жалпы уақыт талабына сәйкес мемлекеттік қызмет саласындағы мамандар үшін қандай жаңа талаптар енгізіледі?

- Біздің мемлекетіміз бүгінде мемлекеттік қызмет тұтынушыларының мүддесіне негізделген мемлекеттік басқарудың жаңа сапалы үлгісін құрауда. Бұл орайда, Елбасы «Жыл сайынғы орталық мемлекеттік және облыстар, республикалық маңызы бар қала мен астананың жергілікті атқару органдары жұмысының тиімділігін бағалау Жүйесі туралы» қаулыға қол қойған болатын. Аталған құжатқа сай, Агенттік мемлекеттік қызмет көрсету және персоналды басқару бағыттары бойынша орталық және жергілікті атқару оргындары қызметінің тиімділігіне баға беретін болады. Осыған сәйкес Мемлекеттік қызмет көрсетудің бүгіндік деңгейін анықтау барысында қызметтің сапасы, оның уақытында орындалуы, қолжетімділігі, шағым беру шарасы, қызметкерлердің кішіпейілдігі, электрондық пішімде көрсетілуі сынды тұстар қаперге алынады. Қызмет сапасын бағалауда мемлекетттік қызмет көрсету тұтынушылары арасында әлеуметтік сауалнама жүргізіліп, санақ мағлұматтары пайдаланылатын болады. Сауалнама жүргізу жұмысына дербес сарапшылар мен үкіметтік емес ұйымдар тартылады. Бұл көпшілік мақұлдаған әлемдік тәжірибе. Мамандар іс жүзінде мемлекетке қызметке тұрған соң, мемлекет атынан азаматтарға қызмет көрсетуге тиісті. Азаматтар мемлекеттік қызметкерлер еңбегін төлеушілері бола тұра, соңғыларынан сапалы қызмет көрсетуді талап етуге құқылы.

Осы тапсырманың сауатты орындалуы азаматтардың мемлекеттік қызметкерлерге деген сеніміне тікелей ықпал етсе керек. Аталмыш сенім мемлекеттік қызметкерлер жұмысының қоғамдағы беделін де айқандайды. Оң бедел деген ұғымды күштеп қыстырмалауға болмас, оған тек лайықты болу шарт. Сол себепті мемлекеттік қызметтің оң беделі мемлекеттік органдардың халыққа көрсететін қызметінің сапасына тікелей байланысты болмақ.

Мамандарды басқаруды бағалауға келер болсақ, бұл орайда іріктеу, оқыту және біліктілігін жетілдіру, қызметкерлерді ынталандыру және мемлекеттік қызметкерлердің әдеп талаптарын орындалуы мен сыбайластық деңгейі ескеріледі. Жұмыс барысында мемлекеттік қызмет персоналын сараптау қорытындылары, мемлекеттік орган мамандарын арасында жүргізілген сауалнама қорытындылары мен сыбайластық құқық бұзушылық және ар-намыс кодексін бұзу көрсеткіштері қолданылатын болады.

Осылайша, аталған Қаулы күшінен енген сәтінен бері мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыру бағытында қосымша механизм іске қосылды. Бұл істердің барлығы еліміздегі мемлекеттік қызметті кәсібилендіру жолындағы үлкен жұмысқа жаңа дем береріне сенімдімін.

- Әңгімеңізге рахмет

Соңғы жаңалықтар