Өткен тәулікте 281 адам мен 72 техника қар құрсауынан құтқарылды
Оның ішінде 38 жүк көлігі мен 2 автобуста барлығы 137 адам болған. Облыстық ТЖД және «Қазақавтожол» РМК қызметкерлерінің көмегімен жолаушылары бар 50 автокөлік қардан тазартылған жолға шығарылған. Қалған 13 жүк көлігін қар құрсауынан шығару жұмыстары жалғасып жатыр. Зардап шеккендер жоқ.
Сондай-ақ кеше кешкі 18.30-дар шамасында «Екатеринбург-Алматы» тас жолының «Жалтыр» бөлігінде 40 автокөлік (барлығы 67 адам) жолда қалып қойған. Қазіргі кезде олар Атбасар қаласына баратын жолдың ашылуын күтіп отыр. Көлік жүргізушілері мен жолаушылар Астрахан ауданындағы Жалтыр ауылының № 2 орта мектебіне орналастырылған. «Қазақавтожол» РМК қызметкерлері жолды тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал «Жолымбет-Шортанды» тас жолындағы қар құрсауында 27 адамы бар 11 автокөлік қалып қойған. Барлық жолаушылар Шортанды ауданындағы Бектау ауылының орта мектебіне орналастырылды, жолды тазарту жұмыстары жүргізілуде. Зардап шеккендер жоқ. Сондай-ақ республикамыздың Қостанай, Қарағанды өңірлерінде жолда қалған жолаушылар да ТЖ қызметі мен «Қазақавтожол» қызметкерлерінің көмегімен қардан тазартылған жолдарға шығарылған. Жалпы, өткен тәулікте еліміз бойынша 281 адам мен 72 техника қар құрсауынан құтқарылды.