Өткен тәулікте қар құрсауынан 459 адам құтқарылды - ҚР ІІМ ТЖК

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен тәулікте Қазақстан Республикасы ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің аумақтық органдары жергілікті атқарушы органдар бөлімшелерімен бірлесе отырып, қар құрсауынан 459 адамды құтқарды және 174 бірлік техниканы эвакуациялады, деп хабарлайды аталған ведомствоның баспасөз қызметі.

Өткен тәулікте қар құрсауынан 459 адам құтқарылды - ҚР ІІМ ТЖК

Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында іздестіру және авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді.

Ең көп жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары Солтүстік Қазақстан облысында болды. Мәселен, Ғ. Мүсірепов атындағы, М. Жұмабаев аудандарында, сондай-ақ Аққайың, Айыртау, Шал ақын, Есіл, Қызылжар және Тайынша аудандарында қар құрсауынан 258 адам және 91 бірлік техника эвакуацияланды.

Жарқайың, Ерейментау, Есіл, Жақсы және Зеренді аудандарындағы Ақмола облысының автожолдарында 167 адам және 71 бірлік техника құтқарылып, эвакуацияланды.

Павлодар (Железин, Успен аудандары) және Қостанай (Сарыкөл ауданы) облыстарында 34 адам және 14 бірлік техника эвакуацияланды.

Автожолдардың қар басуы мүмкін учаскелеріне қорғау қалқандары орнатылды, барлық қажетті қар тазалайтын және жол техникасы, 949 жылыту пункті әзірлікке келтірілді, 80 мың текше көктайғаққа қарсы материалдар дайындалды, 81 өрт сөндіру және қалпына келтіру пойыздары әзірлікке келтірілді.

Комитеттің аумақтық бөлімшелері еліміздің автожолдарында ауа райы нашарлаған уақытта халыққа СМС-хабарлама тарату, радио, телеарна, сондай-ақ интернет-ресурс арқылы хабарлайды.

Сонымен қатар бүгінгі күні автожолдардың аса авариялық-қауіпті учаскелерінде 40 күрежол медициналық-құтқару пункті жұмыс істейді, олар медициналық жабдықтармен, су сақтауға арналған ыдыспен және жанар-жағармай материалдарымен жарақталған.

Аталмыш күрежол медициналық-құтқару пункттері Қазақстан Республикасы Президентінің «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша тапсырмасын орындау аясында салынды.

Қыс мезгілінде жолға шығардың алдында Сізге автожолдардың жағдайы туралы қосымша ақпаратты Ішкі істер департаменттерінің Жол-көлік басқармалары, «Қазавтожол» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының кезекші қызметтерінен, облыстар, Астана және Алматы қалалары Төтенше жағдайлар департаменттерінің Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметтерінен «112» телефоны бойынша алуға болады.