Өткен жылғы ІТ-қызметтердің экспорты 1 млрд долларға жетті
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы еліміздің ІТ-нарығының кірісі 2 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты.
- Соңғы жылдары IT-нарық кірістерінің күрт өсуі байқалды. Өткен жылы ол 2 трлн теңгені құрады деп болжануда. IT-қызметтерінің экспорты да қарқынды дамып келеді. 2025 жылы 1 млрд долларға жетеді деп күтеміз. Мемлекет басшысы бұл көрсеткішке 2026 жылы қол жеткізу міндетін қойды. IT-саласы еліміздегі ең жоғары жалақы төленетін салалардың бірі. Ресми статистикаға сәйкес, IT-мамандарының жалақысы елдегі орташа жалақы деңгейінен екі есеге жоғары, - деді ол.
Вице-премьердің айтуынша, Astana Hub ІТ-саласының негізгі экожүйесі саналады. Astana Hub қатысушыларының саны өткен жылы 2 000-ға дейін өсті. Олардың ішінде 25 пайызға жуығы шетелдік компаниялар.
- Бұл еліміздің халықаралық бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші. Astana Hub стартаптары мен IT компаниялары қазірдің өзінде 30 мыңнан астам жұмыс орнын ашты. Ал экономикаға салынған инвестиция сомасы 900 млн доллардан асты. Astana Hub инфрақұрылымы мен озық тәжірибесі дамыған елдерде ауқымын кеңейтіп келеді, - деді Жаслан Мәдиев.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов «Digital Qazaqstan» стратегиясын әзірлеуді жеделдетуді тапсырғанын жазған едік.