Өткен жылыту маусымында 175 адам өрттен қаза тапқан

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде өткен жылыту маусымында тұрғын үйлерде 3 359 өрт тіркеліп, 175 адам қаза тапқан. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Руслан Қайрақбаев брифингте мәлім етті. 

Өткен жылыту маусымында 175 адам өрттен қаза тапқан
Фото: ТЖМ

Оның айтуынша, алдыңғы жылыту маусымымен салыстырғанда өрт саны 16 пайызға азайған.

— Өткен жылыту маусымында 3 359 өрт тіркелді. Алдыңғы маусымда бұл көрсеткіш 3 983 болған. Өрттен қаза тапқандар саны 3,3 пайызға, жарақат алғандар саны 28 пайызға төмендеді, — деді Руслан Қайрақбаев.

Алдыңғы жылыту маусымында өрттен 181 адам қаза тауып, 173 адам жарақат алған. Ал өткен маусымда 175 адам көз жұмып, 125 адам жарақат алған.

ТЖМ өкілі өрт санының азаюына жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізілген алдын алу шаралары ықпал еткенін атап өтті.

Биыл да өрттің алдын алу жұмыстары жылыту маусымы басталмай тұрып қолға алынды. 15 тамыздан бері елімізде республикалық өрт қауіпсіздігі акциясы өтіп жатыр. Оның аясында мамандар тұрғын үйлерді аралап, пештер мен электр жабдықтарын қауіпсіз пайдалану тәртібін түсіндіріп жүр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі жылыту маусымы қарсаңында тұрғындарға электр сымдары мен жылыту пештерінің жарамдылығын тексеріп, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауды ескерткен еді.