Өткен жыл Елбасымыздың Ұлытау төріндегі толғанысымен де есте қалғаны анық - Ә.Мұханбетқалиев, БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Өткен жыл Елбасымыздың Ұлытау төріндегі толғанысымен де есте қалғаны анық. Өйткені, онда Ұлт көшбасшысы әр қазақстандықтың көкірегінде алуан ойды қозғады. Бұл туралы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі Әскен Мұханбетқалиев мәлім етті.
None
None

Оның айтуынша, көкірегі ояу, көзі қарақты әр азамат ел болашағын, халық келешегін ойламай тұра алмайды. Міне, осындай азаматтықтың тамаша үлгісін Елбасымыздың тұлғасынан танып келеміз. Қазіргі кездегі өзге елдердегі аумалы-төкпелі жағдай, өз еліміздегі діл мен дін төңірегіндегі ахуал барша жанның да жүрегінде белгілі бір алаңдаушылық туғызып, ойлантып отырғаны жасырын емес. Елбасымыздың осы сұхбатында елге, халыққа, әрбір қазақстандыққа қарата айтқан сөздері сол уайымның тұманын сейілтіп, болашаққа деген сенімімізді шыңдап, бойымызға қайрат құйғандай.

Президенттің әлемде болып жатқан жағдайды күні бұрын болжап, Жолдауды ертерек жариялап, Тәуелсіздік күніне арналған жиында тебірене сөйлеуі де әр азаматтың жүрегіне жол тартты деп ойлаймын. Нұрсұлтан Әбішұлы Ұлытау төріндегі сұхбатында дін мәселесі туралы, мемлекетіміздің діни сала бойынша жүргізіп отырған саясаты жайында анық та айқын, түсінікті етіп айтып берді. Расында да, ел ішіндегі жекелеген теріс бағыттағы діни ағымдар уағызына алданып, шынайы мұсылмандық жолдан адасып, өзінің ғұмырлық мақсаты мен адамдық міндетін таба алмай жүрген жастарымыздың бар екендігі мәлім. Сонымен қатар, Президент өз сөзінде «Құранның қасиетті үкімдерін орындау үшін кемтарларға көмектесу, бір-бірімізге жанымыз ашып, бауырмал болу, үлкенді сыйлау, баланы тәрбиелеп өсіру, отанды, елді қорғау, бірлікке шақыру арқылы дінді өркендеткен жөн. Сонда діннің мемлекетке зор пайдасы, үлкен қамқорлығы болады. Ол елдің басын біріктіреді. Міне, осындай исламды құрметтеуіміз керек», - дей келе, діннің елді ұйытушы, халықты біріктіруші тегеуіріні бар зор күш екенін айтты. Ал осы бағыттан тайған, елді біріктірудің орнына іріткі салып, талайлардың көз жасына қалатын «ілімдерге» біздің қоғамымызда орын жоқ екендігін түсінікті жеткізді. Ұлттың ұлттығын айғақтайтын, оның өзіндік тарихи, мәдени ерекшелігін білдіретін маңызды фактордың бірі - оның тілі. Елбасымыз тіл төңірегіндегі бірқатар келелі мәселелерді де қозғай келе, төл тіліміздің қайталанбас колоритін сақтап, оны өркендету бағытындағы мемлекетіміз ұстанған «өзге тілдің бәрін біліп, өз тілімізді құрметтеуге» бағытталған саясаттың болмысын қарапайым сөздермен-ақ тамаша жеткізді, сан алуан ұлт пен ұлыстың атамекені боп отырған жеріміз бен қазақы қонақжайлығымен тәмам жұртты бауырына басқан еліміздің бейбіт сүйгіш болмысын айқын көрсетіп берді. «Тату тірлігін, бейбіт аспанын қадірлемеген елдің тағдыр-талайы қандай болатындығын көзіміз көріп отыр емес пе? Ендеше, осынау татулық, келісім мен өзара түсіністік секілді ұлы құндылықтарымыз түгел тұрғанда, тіліміз де, дініміз де, діліміз де өркендейтіндігін ұмытпағанымыз абзал. Бұған жоғары оқу орны және басқа да білім ордаларында сабақ беретін ұстаздар да өз үлесін қосып, сол құндылықтарды жастардың бойына сіңіре білуі керек. Сонда ғана ертеңіміз жарқын, келешегіміз келісті болмақ», деді Ә.Мұханбетқалиев.

Соңғы жаңалықтар