Өткен жылдың 11 айында Қазақстан мен Беларус мемлекеттері арасындағы тауар айналымы 750 млн. АҚШ долларын құрады

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Өткен жылдың 11 айында Қазақстан мен Беларус мемлекеттері арасындағы тауар айналымы 750 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Беларус Республикасының біздің елдегі Төтенше және Өкілетті елшісі Валерий Брылев мәлім етті.
None
None

В.Брылевтің айтуынша, Қазақстан Республикасы Беларус мемлекетінің ТМД елдерімен сыртқы саудасының көлемі бойынша Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында тұр. Егер 2005 жылы екі ел арасындағы сауда айналым 214 миллион АҚШ долларынан сәл асып жығылған болса, 2010 жылдың он бір айында ол 750 млн. долларды құраған.

Беларус экспортының басым денін: қант, сүт, сүт тағамдары, көлік дөңгелектері, жиһаздар, тракторлар, жүк көліктері, дәрі-дәрмектер, тоңазытқыштар, құрылыс заттары, көліктердің қосалқы бөлшектері, мамандандырылған автокөліктер құрады.

«Ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйегінде Қазақстаннан Беларусқа 239,2 млн. АҚШ долларының өнімі импортталды. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,6 есеге өсті», - деді ол.

Елшінің айтуынша, Қазақстаннан негізінен қайта өңдеуге жататын мұнай өнімдері тасымалданады. Онымен бірге, импорттың үлесінде қара металдар, өңделмеген алюминий, подшипниктер, фосфор қышқылының тұздары және қорғасын оксидтері бар.

Елшінің пайымдауынша, Кеден Одағы аясында Қазақстанның экспорттық әлеуеті арта түседі. «Бізде жағдай қиындау. Біз тек 1,7 млн. тоннна мұнай өндіреміз. Оның көп бөлігі қайта өңделеді. Яғни тапқанымызды қайта өңдеп жатырмыз. Ал Қазақстанда өңделгеннен кейін де 50 пайызға жуық қалдық қалады. Бізге екінші рет өңдеуге жарамды шикізат та жеткілікті. Екі ел арасында ауыл шаруашылығы саласында да ықпалдастық бар. Қазір қазақстандық бір топ делегат Беларустағы агроқалашықтардың жұмысымен танысу және асыл тұқымды малдарды сатып алу үшін сапарға шығу үстінде. Айта кетейік, Беларустың барлық малы асыл тұқымды», - дейді ол.

Елшінің пайымдауынша, алдын ала жасалып отырған болжам бойынша, 2011 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 1 млрд. АҚШ долларына жетеді. Бұл межеге ғылыми-техникалық ықпалдастықты дамыту және қазіргі қуаттарды арттырудың арқасында қол жеткізу көзделіп отыр.

Қазақстанның Индустрияландыру картасы аясында қазақ жерінде екі елдің бірлескен 29 жобасы жүзеге асырылу үстінде. Оның 5-уі өткен жылдың соңында іске қосылды, тағы 15-ке жуығы үстіміздегі жылы жұмыс істей бастайды деп күтілуде. Бірлескен жобалардың арқасында Қарағандыда «БелАЗ» техникалары құрастырыла бастады. Осы қаланың фармацевтикалық кәсіпорындарының бірінде сондай-ақ, Беларустың Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп мал ауруларының алдын алатын медициналық препараттар шығарылу үстінде.

Соңғы жаңалықтар