Өткен жылы 2 мыңға жуық әскери қызметкер баспанамен қамтылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылы 2 мыңға жуық әскери қызметкер жекеменшік баспанамен қамтылса, одан бөлек 40 мыңға жуық сала мамандары тұрғын үй төлемдерімен қамтамасыз етілді. Бұл туралы ҚР Қорғаныс вице-министрі, генерал-лейтенант Талғат Мұхтаров ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде әскери қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз етудің жаңа моделі қолданысқа енгізілді. Ол бойынша 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ай сайын олардың жеке есепшоттарына еңбек өтіліне қарамастан екінші деңгейлі банктер арқылы тұрғын үй төлемі аударылады. Ал баспана алу мәселесіне келсек, өткен жылы 19 мың әскери маман қызметтік баспанамен, 2 мыңға маман жекеменшік тұрғын үймен, сондай-ақ 39 759 қызметкер тұрғын үй төлемдерімен қамтамасыз етілді», - деді ол.

Одан бөлек, вице-министр әскери қызметкерлердің жалақы мәселесіне тоқталып өтті.

«2017 жылдан бастап Жоғарғы Бас қолбасшының тапсырмасымен әскери қызметкерлер мен ұшқыштардың жалақысы көтерілді. Әскери ұшқыштарға қарағанда Азаматтық авиация саласының ұшқыштары жоғары жалақы алатыны жасырын емес. Осы мақсатта өткен жылдан бастап барлық әскери қызметкерлердің жалақысы 25%, одан бөлек қосымша үстемақы көлемі 30% артты.

Атап айтқанда, қорғаныс саласындағы мамандардың жалақысын өсіру жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Бүгінде орташа есеппен офицерлер 140-150 мың теңгеден жоғары алады», - деді Т.Мұхтаров.

Еске сала кетсек, бұған дейін министрдің орынбасары әскердегі әлімжеттік жасаудың азайғанын тілге тиек еткен болатын.

Соңғы жаңалықтар