Өткен жылы Алматы облысындағы құрғақ портта 19 мыңнан астам контейнер өңделді (ФОТО)

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Алматы облысына барды. Сапар барысында Панфилов ауданындағы бірқатар нысандарды «ҚТЖ» АҚ президенті Асқар Мамин, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов және басқа да жауапты тұлғалар бірге аралады, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Ресми делегацияның алғашқы тоқтаған нысаны «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы, оның қазақстандық және қытайлық бөлігі, «Қорғас» еркін экономикалық аймағының бақылау - өткізу пункті мен нысандардың инфрақұрылымы болды. Үкімет басшысының бірінші орынбасары нысанның бұдан әрі қарайғы даму мүмкіндіктерімен танысты.

«Қорғас» ХШЫО-ның толыққанды іске қосылуы 2018 жылға межеленіп отырғанын атап өту керек. Бүгінгі күні жоспарланған 91 инфрақұрылым нысандарының 73-інің құрылысы аяқталған, оның 41-і іске қосылды. 2015 жылы тартылған жеке инвестиция көлемі 0,94 млрд. теңгеге жуықтады. «Қорғас» ХШЫО» АҚ президенті Василий Васильевич Нидің айтуынша, жылдың соңына дейін тағы екі нысан іске қосылады - сыртқы инфрақұрылымы бар орталық алаң және қолөнершілер қаласы.

Мұнан соң «Жаркент» БӨП презентациясы таныстырылып, Үкімет басшысының бірінші орынбасары пунктті аралап көрді.

Бұдан кейін делегация «Қорғас - Шығыс қақпасы» ЕЭА Құрғақ порт аумағына атбасын бұрды. Мұнда бүгінгі күні Құрғақ порттың екінші кезегі нысандарының құрылыс жұмыстары 80 % аяқталған. Бұған дейін 2014 жылдың соңында Құрғақ порттың бірінші кезеңі қолданысқа берілген болатын. Бірінші кезегінің іске қосылуы барысында 300-ге тарта жұмыс орны құрылды. Өткен жылы Құрғақ порттың операторы «KTZE - Khorgos Gateway» ЖШС 19 мыңнан астам контейнерді өңдеді, биылғы жылы оның санын 200 мыңға жеткізу көзделген, ал 2020 жылға қарай 500 мың контейнерлік жобалық қуаттылыққа шығу міндеті тұр. Сонымен қатар қалған құрылыс нысандарын биылғы жылдың бірінші жартысында аяқтау жоспарланған.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б. Сағынтаев сапар соңына қарай «Алтынкөл» станциясына барып, бақылау-өткізу пунктінің жұмысымен танысып, инфрақұрылым нысандарын, «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» тас жол даңғылының құрылысын аралап көрді.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Б. Сағынтаев Қытаймен шекаралық аумақта - Панфилов ауданында орналасқан стратегиялық маңызы зор нысандардың құрылысымен және жұмысымен танысу барысында «Қорғас - Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағы мен теңіздегі сауда жолдарын тиімді алмастыра алатын Құрғақ порттың еліміздің экономикасын дамытудағы рөліне тоқталып, даму әлеуеті зор екенін айтты. «Нұркент» кентінің болашақта барлық қажетті әлеуметтік маңызды нысандары бар, жаңа жұмыс орындары ашылатын үлкен қалаға айналатынын да тілге тиек етті. Елбасының тапсырмасына байланысты аталған нысандардың әлеуетін толыққанды пайдалануға бағытталған жұмысты одан әрі дамытуды тапсырып, оған барлық мүмкіндіктердің бар екенін атап өтті.
null null null null null null

Соңғы жаңалықтар
telegram