Өткен жылы азаматтар тарапынан полицияға келіп түскен өтініштер саны 2 млн. асты - ІІМ
АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат - Азаматтар тарапынан полицияға келіп түсетін өтініштер саны еселеп өсіп келеді.
Мәселен, 2011 жылы 800 мыңға жуық қылмыс туралы арыз бен хабарлама қаралған болса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 1,6 млн. ал өткен жылы екі миллионнан асты. Бүгін Парламент Мәжілісінде өтіп жатқан Үкімет сағатында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов осылай мәлім етті.
Министрдің айтуынша, полиция тарапынан азаматтардың өтініштерін қарау жеделдігі де арта түскен. «Бүгінгі күні азаматтардың арыздарының 94 пайызы 3 күндік мерзім ішінде қаралады. Осының өзі халықтың полицияға деген сенімінің өсіп келе жатқанының белгісі. Екінші жағынан елімізде нақты қанша қылмыс жасалғанын мемлекет біліп отыруы тиіс. Бұл бізге «қағаз» түрінде ғана емес, нақты түрде қылмысты қадағалауға, сонымен бірге, еліміздегі криминалдық ахуалдың өзгеруіне жедел бейімделіп, тиісті шараларды жоспарлауға мүмкіндік берді», - министр Қ. Қасымов.