Өткен жылы елімізде 27 мыңнан астам бұқаралық-спорттық іс-шара өткізілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен жылы елімізде 27 мыңнан астам бұқаралық-спорттық іс-шара өткізілді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Салауатты өмір салтын насихаттау аясында өткен жылы республика бойынша 27 мыңнан астам бұқаралық-спорттық іс-шара өткізілді. Бұл іс-шаралар 1,5 млн адам қамтыды, оның 900 мыңы – ауылдық жерлерде. Бұқаралық спортты дамытудағы маңызды бағыттың бірі – мектеп және студенттер спорты. Бүгінгі таңда спорт және дене шынықтырумен мектеп жасындағы 2 млн бала қамтылған», - деді Дәурен Абаев министрліктің алқа отырысында.

Министрдің дерегінше, қазіргі уақытта жоғары оқу орындарында мыңнан астам спорттық секция жұмыс істейді. Олар 186 мыңнан астам студентті қамтыған. Бұл студенттердің 30,3 пайызын құрайды.

«Жергілікті деңгейде 652 балалар мен жасөспірімдер клубы, 138 балалар мен жасөспірімдердің дене дайындығы клубы жұмыс істейді. Олар 220 мыңнан астам бала мен жасөспірімді қамтиды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, республика бойынша спорт нұсқаушылары санының өсуі байқалып отыр. 2021 жылы тұрғылықты жері бойынша 5 610 спорт нұсқаушысы жұмыс істеді, оның ішінде ауылдық жерлерде – 3 065 адам.

«Спорт және дене шынықтырумен жүйелі түрде шұғылданатын ерекше қажеттілігі бар азаматтардың саны 48 мыңнан асты», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар