Өткен жылы елордалық ауруханаларда 170 мыңнан астам адам емделді

АСТАНА. 11 наурыз. ҚазАқпарат - 2012 жылы Астана қаласында ауруға шалдыққандар саны 2011 жылмен салыстырғанда едәуір азайды. Негізінен тұрғындар арасында кең тараған жүрек-қантамырлары, ми қан айналымының бұзылуы, онкологиялық және маусымдық қозатын ауруларды емдеуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл туралы бүгін қалалық әкімдікте Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының 2012 жылғы қызметін қорытындылау бойынша өткен кеңейтілген алқа отырысында мәлім етілді, деп хабарлайды елорданың ресми сайты.
None
None

Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің айтуынша, 2012 жылы қалада жалпы ауырғандар саны 2011 жылға қарағанда, 3000 адамға төмендеп, 100 000 тұрғынға шаққанда 59 600-ды құрап отыр. Өткен жылы елордалық стационарларда 170 мыңнан астам адам емделген. Жалпы саны 64 мың операция, оның ішінде 25 мыңнан астамы қалалық медициналық мекемелерде жасалған. Орташа алғанда күніне 170 операция жасалады.

Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Айгүл Сегізбаеваның айтуынша, елордада өткен жылы ана өлімі 4 есе, сәби өлімі 12% пайызға төмендеген. Қан айналымы жүйесінің бұзылуы, туберкулез, онкологиялық аурулар, ИТВ және осы аурулардың салдарынан көз жұматындарды азайту жұмысы қарқынды жүргізіліп келеді. Жүрек бұлшық еті талмасынан өлім-жітім 49 пайызға азайған.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова Астана қаласы мен Республиканың денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштерді салыстыра келе, алдағы 3 жылға өткен жылдармен салыстырғанда едәуір көп қаржы бөлінгендігін тілге тиек етті. Бұған қоса, бөлінген қаржыны тиімді жұмсау және толығымен емделушілердің игілігіне жарату бәріміз үшін өте маңызды екендігін атап өтті. «Жалпы, Қазақстан бойынша орташа өмір сүру ұзақтығы 69,6 жасқа жетті. Бұл айтарлықтай жақсы нәтиже, өйткені 2015 жылға қарай тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақтығы 70 жас, ал 2020 жылға қарай 72 жас болуы керек. Бұл межені біз мерзімінен бұрын орындап отырмыз. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге бірқатар себептер бар. Біріншіден, тумай жатып шетінейтін сәби өлімін, екіншіден, қан айналымы жүйесінің бұзылуынан көз жұматын тұрғындар санын азайтуға көңіл бөлінді. Бұған қоса, басқа қалалардан келіп емделетіндердің ақысын толықтай өтедік», - деді ол.

Астаналық тұрғындар орташа алғанда 73 жыл өмір сүреді. Бұл республикалық көрсеткіштен (69 жас) айтарлықтай жоғары. Бұған мемлекеттің денсаулық саласына ерекше қолдау көрсетуінің арқасында қол жетіп отыр.

Соңғы жаңалықтар